» » » Бес бастама әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам

Бес бастама әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам

30-03-2018, 15:39

 
    Бүгін «Ауыл» ХДПП Төрағасы Әли Бектаев Шымкент қаласының аграрлық колледжінде болып, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын талқылауға арналған жиын өткізді. Басқосуға колледж директоры Гаухар Бақбергенова, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары және облыстық білім басқармасының өкілдері, «Ауыл» партиясының мүшелері және жастар қатысты.

 

   Жиында партия Төрағасы Елбасының әлеуметтік бастамаларын іске асыру жолдары мен тетіктеріне кеңінен тоқталды. Әли Бектаевтың айтуынша, қазіргі кезде ауылдағы басты мәселерінің бірі – урбанизация, яғни, ауыл халқының қалаға жаппай қоныс аударуы. «Көптеген жастар, отбасылар қалаға барсақ жұмыс табамыз, жағдайымыз жақсарып кетеді, үй аламыз деген сеніммен қалаға көшіп жатыр. Қала халқының саны жылдан-жылға өсуі сондықтан.  Бірақ, олар қалада қалай өмір сүріп жатыр? Ол екінші мәселе. Көп азаматтар жұмыс тапқанымен үйі жоқ. Пәтер жалдап тұрады.  Балаларын бала-бақшаға бере алмайды. Сол секілді түткілдер жиі кездеседі». Әли Бектаевтың атап өткеніндей, бес әлеуметтік бастамадағы жеңілдетілген пайызбен баспана алу мүмкіндігі дәл осы ауылдан келген адамдарға үлкен көмек болмақ.

 

         Шағын несие беру, оның көлемін көбейту жөніндегі бастама ең алдымен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайынының жақсаруына бағытталған маңызды қадам. Бұл  ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтардың өз кәсібін ашып, жұмыспен қамтылуына жағдай туғызады, - дейді партия Төрағасы. Елімізде 2012 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында мыңдаған адам несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Тек өткен жылдың көлемінде 7 жарым мыңнан астам адам өз кәсібін ашқан екен.

 

         Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының бірі - студенттерді жатақханамен қамту мәселесі. Бүгінгі таңда елімізде 600 мыңға жуық студент болса, оның шамамен 200 мыңнан астамы ауылдық жерлерден келген. Оның ішінде жатақханаға мұқтаждардың саны - 102 мың. Әли Бектаевтың айтуынша, «Осы уақытқа дейін 25 мыңға жуық жатақхана орны болса, енді бұл көрсеткіш 75 мыңға жететін болады. Елбасы осындай тапсырма жүктеп отыр. 75 мыңға 25 мыңды қоссаңыздар 100 мың, яғни жатақханаға мұқтаж студенттердің барлығы жатақханамен қамтылады деген сөз», - деді партия Төрағасы.

         Сондай-ақ, жиын барысында бес әлеуметтік бастамадағы табыс салығының көлемін азайту және елді-мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады. Еліміздің қозғаушы күші жастар екендігін тілге тиек еткен Әли Бектаев, Тәуелсіз еліміздің болашағы білімді әрі білікті жастардың қолында екенін айтып, жас буынды өр рухты,  мақсатшыл болуға шақырды.

 

         Бұдан кейін «Ауыл» партиясының Төрағасы Шымкент аграрлық колледждің оқу-өндірістің базасымен танысты. 2015 жылы студенттердің теориялық білімін іс-тәжірибеде ұштастыру мақсатында іске қосылған өндірістік базада жастардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Атап айтсақ, мұнда жылыжай кешені, бау-бақша, көкөніс сақтау қоймасы, ауыл шаруашылығы агрегаттары, бал ара омартасы бар. Тіпті, үй қояны және  африка сомы өсіріледі екен. Оқу орны қызметкерлірінің айтуынша, аталған экзотикалық балықты болашақта үлкен су қоймаларына жіберу көзделіп отырған көрінеді.

         Оқу-өндірістік базасының жұмысына қаныққан Ауыл» партиясының Төрағасы Әли Бектаев аграрлық колледждің  алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

"Ауыл" ХДПП Баспасөз қызметі

скачать dle 11.3

94-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика