» » Қазақ халқында бас киім

Қазақ халқында бас киім

7-02-2018, 17:13

Қазақ халқында бас киім - киелі заттардың бірі саналады.

     Оны кез келген жерге тастай салмайды. Әсіресе астыға басып отыруға болмайды. Адамның басынан қадірлі, ақылынан қасиетті ештеңе жоқ. Жақсылық атаулы адамның маңдайына жазылады, сондықтан бас киімнің маңызы ерекше. Ырым бойынша бас киімді «бағым ауады» деп біреуге сыйламаған, тіпті айырбастауға да болмайды екен. Мәселен, бас киіммен ойнауға, оны тебуге, теріс киюге болмайтындығы жайлы үлкендердің жиі айтып отыратындығы сондықтан. Кейбір отбасыларда ата-бабарының тымағы балаға мирас болып, әлі күнге дейін сақталуда. 
   Біреуге бас ұрғанда тымағын тастайтын ғұрып бар. Тымақ тастап кешірім сұрау - бітімге шақырудың белгісі. Айыпкер жағының жасы үлкені немесе беделді адамдары немесе жөн білетін ақсақалдары «білместік болды», «кездейсоқ іс болды» деп бас киімін тастау арқылы екінші тарапты мәмілеге шақырып отырған. Бұл ғұрып әсіресе қыз алып қашу үрдісінде көптеп кездескен. 
   Ертеде жетілмей, шала туған сәбиді тымаққа салып қырқынан шығаратын ғұрып болған деседі. Шала туылған бала ұстауға, бесікке салуға келмейді. Мұндайда таптырмас құрал тымақ болған. Тымақ жылы әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады және сәбидің неше күні кем болса сонша күн бойы керегенің әр басына іліп қоятын болыпты-мыс. Шала туған баланы баптаудың ата-балардан қалған бұл тәжірибесін бүгінгі медицинаның өзі мойындап отыр екен. Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласының дәрігерлері іс жүзінде қолданып, тиімділігін анықтапты. 
   Бас киімге қауырсын байлау дәстүрі тағы бар. Этнографтардың сөзінше, мұндай дәстүр көптеген халықтарда кездеседі. Қазақ арасында тек жас бала, қыз баланың сәукелесі, сал-серілердің бас киімінен байқауға болады. Бас киімдерге қазақта киелі саналатын үкі құсының қауырсынын байлаған. Бұл пәле-жаладан, тіл көзден сақтайды деген сенімнен шықса керек. 
    «Халық айтса, қалып айтпайтындығы» әубастан белгілі. Сондықтан, халықтың мұндай ғұрпын біліп жүру артық етпейді. 
ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚҚА СЕНЕЙІК ДОСТАР.
БҰЛ ЫРЫМҒА ҚАТЫСТЫ СІЗДІҢ ПІКІРІҢІЗ ҚАНДАЙ? ОЙЫҢЫЗБЕН БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.

скачать dle 11.3

137-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика