Ашамайға отырғызу

19-04-2018, 12:07

 

 «ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ» АЙДАРЫНДА ҚАЗАҚТЫҢ ҰМЫТЫЛА БАСТАҒАН САЛТТАРЫНЫҢ БІРІ «АШАМАЙҒА ОТЫРҒЫЗУ» ДӘСТҮРІ ЖАЙЛЫ АЙТПАҚПЫЗ

   

    Қазақ үшін атқа міну таңсық іс емес. Көшпенді халықтың баласы ес білгеннен бастап ат жалында өсті. Ата-баларымыз баласын екі-үш жасынан бастап алдына алып, атқа мінуге баули бастаған. Өйткені халықымыздың кезіндегі тұрмыс-тіршілігі жағдайында көшіп-қонғанда, жолаушы жүргенде, ауылдан-ауылға қонаққа барғанда бала үлкендердің алдына отырған. Қазақ салты бойынша ер баланы есі кіріп, жан-жағын танып, ат үстінде өз-өзін ұстай алатын жасқа жеткенде «Балам ат жалын тартып мінер азамат болды» деп ашамайға мінгізеді. Бұл баланың сана-сезімін жетілдіріп, жауапкершілікке үйрететін қазақтың тәрбиелік мәні зор ғұрыптардың бірі. 
    Дәстүр бойынша, жасы 5-6-ға келген ер балаға бәсіреге тай тарту етіледі. Атқа мінгізбес бұрын арнайы ашамай дайындалады. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, оған үзеңгі салынбайды. Тайға жабылатын тоқым əдемі безендіріліп, жиектері шашақталып жасалады. Оның үстінен тепкіш салынады. Бала тайға мінген кезде екі аяғын сол тепкішке қояды. Атқа мінгізер күні баланы ұлттық нақышта әдемілеп киіндіреді. Шапанына және бас киіміне шоқтап үкі тағып, ашамайға отырғызады. Бұл рәсім ауылдың сыйлы ақсақалдары немесе шабандоз жігіттерге жүктеледі. Ашамайға отырғызу ата-ана, ағайын-туыс үшін ерекше қуаныш саналғандықтан әулет той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқызған. 
Осылайша, алғаш рет атқа өзі жалғыз отырған баланың өмірінде жаңа кезең басталады. Яғни, ол ересектердің қатарына қосылды деп есептеледі. 
    Өкінішке орай қазіргі таңда «Ашамайға отырғызу» дәстүрінің көп қолданыла бермейтінін көріп жүрміз. Тіпті ауылдардың өзінде ұмытыла бастағандай. Қазақтың осы бір игі салтын қайта жаңғыртар болсақ, болашақ ұрпақтарымыз ат үстінде ойнайтын ержүрек, өр рухты азамат ретінде қалыптасары сөзсіз. Сондықтан, салт-санамызды сақтап, құндылықтарызды дәріптеуге атсалыссақ нұр үстіне нұр болар еді. 
#ауылпартиясы #отбасықұндылығы #руханижаңғыру #мәдениет#ашамай #салтдәстүр

скачать dle 11.3

101-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика