» » Кенже ұл шаңырақ иесі

Кенже ұл шаңырақ иесі

27-03-2018, 00:11

КЕНЖЕ ҰЛ - ШАҢЫРАҚ ИЕСІ

 

     Халқымыз атадан балаға мұра болып қалған үйді «үлкен үй» деп атайды. Оны дүйім ел, ағайын-туыстар «қарашаңырақ» деп құрмет тұтады. Халқымыздың ұстанымында шаңыраққа ие болу кез-келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Дәстүрлі қазақ отбасында кенже ұл - сол қара шаңырақтың иесі саналады. Үлкен балалары отау тігіп, енші алып, бөлек шыққанда ең кіші ұл шаңырақтың түтінін түтетуші ретінде ата-анасымен бірге қалады. Бағзыдан келе жатқан бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді. 
     Қазақта кенже ұл ерекше мейіріммен өседі. Оны еркелетіп қана қоймай, бала күнінен «шаңырақтың иесі сен боласың» деген ұғымды құлағына құйып өсірген. Сондықтан ол атадан қалған шаңырақтың жылылығын, отбасының ынтымағын сақтауға мүдделі екенін кішкентайынан сезініп ержетеді. Әке-шешені асырау, қартайған кездерінде бағып-қағып, қамқор болу осы кенже ұлдың бұлжымас міндеті. 
     Әдетте, қара шаңыраққа бірге туған ағайын-туыстар, олардың бала-шағалары жиналады. Сыйлы кісілер де «үлкен үй» деп құрмет тұтады. Алыстан адам келсе ат байлап, сол үйден ырымдапдәм татады. Қазақ тарихындағы атақты адамдардың қарашаңырағын жүздеген жылдар өтсе де ел-жұрт есінен шығармай, оны тәрбие мектебі ретінде пайдаланып, үлгі тұтқан. Мысалы, Абылай ханның қарашаңырағы Уәлиге, одан кейін Шыңғысқа қалған деседі. Атақты Шақшақұлы Жәнібектің қарашаңырағы кенже ұлы Тоқтамысқа, одан кейін батырдың оныншы ұрпағы Ғазизге қалған екен. Ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін осыдан байқауға болады. 
     Бүгінгі күйбең тірлік, заманның толқынына жауап беру кімге болса да оңай соқпасы хақ. Десек те, шаңыраққа деген құрмет, махаббат бүгінгі күнмен өлшенбесе керек. Ешбір зәулім сарайдың өзі қарашаңырақты алмастыра алмайды, шаңырақтың қасиетін еш жерден сатып та ала алмайсыз. Ұлттың ұлылығы ұлының көрегендігінен болмақ. Ендеше шаңырақ пен ондағы әрбір құндылық кенже ұлдың арқасында өз жалғасын табатындығын естен шығармайық.

    ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН БҰЛ ТУРАЛЫ СІЗ НЕ ОЙЛАЙСЫЗ? ПІКІР ЖАЗЫП, МАҚАЛАМЕН БӨЛІСЕ ОТЫРСАҢЫЗДАР БОЛАДЫ. 
#ауылпартиясы #отбасықұндылығы #руханижаңғыру #қарашаңырақ#отанотбасынанбасталады #кенжеұл #мәдениет #үлкенүй

скачать dle 11.3

121-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика