Көрісу мерекесі

14-03-2018, 00:09

 

КӨРІСУ - АҒАЙЫН-ТУЫС АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТЫ БЕКІТЕТІН ЕРЕКШЕ ДӘСТҮР

     Халқымызда өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын үрдістер өте көп. Солардың бірі – наурыз айында еліміздің батыс өңірінде аталып өтілетін көрісу немесе амал мерекесі. Соңғы жылдары Қазақстанда бұл мейрам аясы кеңейіп келеді. Әрине мұны қазіргі замандағы ақпараттың жылдам таралуымен де байланыструға болады.

     Көрісу мерекесі - күн мен түннің теңелер шағында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Бұл күн қол алысып, қауышумен ғана өлшенбейді. Дәстүр бойынша, адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге ұзақ ғұмыр тілеп, ерекше мейіріммен батасын береді. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Құдайы көршіні де ұмытпаған жөн. Татулыққа бастайтын игі дәстүр ислам мәдениетіне де өте жақын.
     Ғаламтор беттеріндегі деректерге сүйенер болсақ, көрісу күні Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, тіпті Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, тіпті Қарақалпақстанда аталып өтіледі екен. Ал Маңғыстауда 14 наурыз күні басталып, наурыздың соңына дейін жалғасады. 
     Бұл ресми бекітілген мейрам емес. Бұл күннің тарих сахнасына қай уақытта көтерілгені туралы тарихшылар арасында да ортақ пікір жоқ. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл мереке Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша шыққан деседі. Сондай- ақ, атақты парсылық данышпан Омар Хайямның күнтізбесінде Жаңа жыл наурыздың 14- інен басталатындығы да айтылады. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтеді деген. Оның келтірген дерегінде ескі күнтізбедегі 1-8 наурыз, қазіргі 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады. Қазақта 14 наурызда торғай су ішсе күн тез жылынып, жаз ерте шығады деген де ырым бар. 
     Кейбір еліміздің этнографтары аталмыш дәстүрдің пайда болуын еліміздің географиялық ерекшеліктерімен байланыстырады. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандығын алға тарта келе, соған сәйкес, қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған.
     Түйінін тарқатар болсақ. Қазіргі жаһандану заманында қазақтың ұлт болып, мемлекет болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі - ұлттық кодымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіру қажеттілігі жайлы жиі айтылып келеді. Сондықтан ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын мұндай мейрамдарды атап өтудің еш артықтығы болмас. 
#ауылпартиясы #отбасықұндылығы #көрісу #қауышу #наурыз #мереке#руханижаңғыру #салтдәстүр #мәдениет

скачать dle 11.3

77-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика