» » Үйлену оңай, үй болу қиын

Үйлену оңай, үй болу қиын

23-02-2018, 00:00

«ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН» 

 

    Отбасы – ынтымақ пен берекенің ордасы. Оның құндылығын жете түсінгендер тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, өз отауының сүттей ұйыған тыныштығын сақтап қалу жолында барын салады. Аумалы-төкпелі заманда ұрпақ өсіріп, тату отырған отбасыларды көргенде марқайып қаламыз. Әулеттің бағына қарай ұлдары ұлағатты, келіндері инабатты, қыздары ибалы болып, әзілдері жарасып тұрса, сол үйдің түтіні түзу шығады. Осындай отбасылардың ауызбірліктері жарасқанына қарап ойымыз һәм бойымыз тазарып, рухани демалып қаламыз. Қандай керемет...
    Алайда, кеше ғана некелесіп, екі елді туыстырып, арасына жыл салмай ажырасып жатқандарды көргенде көңілің су сепкендей басылады. Өкініштісі сол, ажырасу фактілері елімізде жыл санап көбейіп жатыр. Мәселен, 2017 жылы республика бойынша 80 мыңнан астам жұп шаңырақ көтеріпті. Статистикаға сексек, сол жылы 31 500-і ажырасқан. ...Бағамдай беріңіз. Бұл өте көп әрине. Бұл жағдайда ең ауыр зардапты бейкүнә балалар шегеді. Отбасы бақытынан, ата-ана мейірімінен айырылады. Толық отбасында тәрбие алмаған бала келешекте ата-ананың керітартпа үлгісін қайталамасына кім кепіл?! Ойланайық!...
    Өткенімізге үңілсек, қазақта ажырасу деген ұғым болған емес. Халқымыз «қайтып келген қыз жаман» дегенді қызының санасына сіңіріп, жалғыз оралса ата-анасы ұятты болатынын айтып, дұрыс жолға бағыттап отырған. Сол заманның жастары да «қызым қайтып келді», «ұлым ажы-расты» деген сөзді естіртпеген. Отбасын құрар алдында ауыл ақсақалдары «Қосағыңмен қоса ағар», «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп батасын беріп шығарып салған. Араздасқан жағдайда құда-құдағилар жастардың арасына түспей, керісінше олардың отбасын сақтап қалуға мүдделік танытатын. 
    Отбасын құрып үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтындығы жайлы үлкендер жиі айтып отыратын. Алайда, кейбір жастар үйдің ішінде дау-дамайдың ұшы шықса, шамалы кикілжіңге төзбей ажырасып кетіп жатады. Өмірде кездесетін аз ғана қиындыққа қазіргі жастар тосырқай қарайды. Әр нәрсенің қиюын тапса, бірлесіп шешілмейтін мәселе жоқ екенін түсінгісі келмейді. Бар қиындықты ата-аналарына жүктеп, жауапкершіліктен қашқақтайтындар бар. Өзара түсінісу мен ұғынысу деген жайына қалады. Сондықтан жаңа қосылған жас жұбайлар бір-бірінен кемшілік іздеп, арадағы қатынасты ушықтырмауы тиіс. Керісінше, жұбының жақсы қасиеттерін көбірек тілге тиек етіп айтып отырған жөн. Ал, кемшіліктерін жасыруы арадағы сезімнің суып кетпеуіне септігін тигізеді. «Үй болу» жай ғана сөз емес, үлкен жауапкершілік екендігін естен шығармаған абзал.
    Заман көшінен қалмаған жөн-ақ. Бірақ, әлемге ортақ кейбір ұғым-түсініктерден, пайдасыз еліктеуден аулақ болайық. Өз дүниетанымымызға сай келетін жөн-жоралғыларды ұстанып, отбасындағы берекені, құндылықты сақтай білейік. «Адам баласында бақытты өмір болмайды екен. Бақытты сәттер болады». Ендеше әрбір бақытты сәтіңізді бағалай біліңіз. Үйіңізге береке тілейміз.

#ауылпартиясы #отбасықұндылығы #руханижаңғыру #үйболуоңай#мәдениет #шаңырақ #бақыттыболу

скачать dle 11.3

96-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика