» » Үйдің жақсы болуы ағашынан, адамның жақсысы нағашыдан

Үйдің жақсы болуы ағашынан, адамның жақсысы нағашыдан

10-02-2018, 23:55

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ НАҒАШЫ ЖҰРТТЫҢ РӨЛІ 

   «Нағашы жұртың – сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады» деген халық даналығы бар. Ия шынымен де, әр адам үшін нағашы жұрттың орны бөлек. Жиеннің жанашыры саналатын нағашы оның еркелігін көтеріп, қамқор болуға тырысқан. Себебі, дәстүрлі қазақ қоғамында нағашының жиенге қарағанда жолы үлкен саналады.

   Нағашы мен жиен туыстық жағынан ажырамайтын тұлғалар. Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар бірін-бірі күндемейді, араларында бақталастық, қызғаныш сезімі болмайды, өзара әзілдесіп қалжыңдасады. «Балалығың ұстаса нағашыңа бар» дейтін тәмсіл осыны меңзесе керек. Ал «Нағашымен күрескен жиен жығылады» деген мәтелдің мәні үлкенді сыйлауға, жөн-жосықты білуге үндейді. Өз анасын құрметтейтін адам сол ананың туыстарын да жақыным, бір жұртым деп қадір тұтуы тиіс. Нағашы жұртын үлгі тұта отырып, олардың талай жақсы қасиеттерін бойға сіңіруге болады. Қашан да нағашы жақта білімді, білікті, ақылды, өнерлі адамдар кездеседі. Солардың бірінің болмысы, бірінің өнегесі жиенге жұғуы заңдылық екендігі даусыз. 
Халқымыздың салты бойынша, нағашылар жиеннің бетін қақпай, қолын қайтармай, көңілін жықпауға тиіс. Тіпті, нағашы жұрттың жиенге беретін тартуы, жиендік үлесі болған. Оны «қырық серкеш» немесе «жиенқұйрық» деп атайды. Белгілі қоғам қайраткері, жазушы Зейнеп Ахметова таяуда жарыққа шыққан «Күретамыр» кітабында осыған қатысты мынадай мысал келтіреді: 
   «Баяғы есте жоқ ескі заманда ел басқарып, сөз ұстаған бір би болған екен. Сол бидің жиені көзге ерекше түсетін шұбар тайын сұрайды. Би ол тайды кенже баласына атап қойғандықтан:
- Айналайын жиенжан, бұл тайды туа сала кіші нағашыңа меншіктеп бәсіре атаған едім. Биге екі сөйлеу жараспайды, сондықтан басқа қалаған тайыңда ала ғой дейді. Бірақ ерке жиен тек шұбар тайға жабысып көнбейді. Сонда би жиеніне тағы да:
- «Қасқа биеден тумаса да төбел туады деген» бар. Тағы да шұбар құлын тумайды дейсің бе, келер жылы қанша шұбар құлын туса, соның бәрі сенікі болсын, - депті.
   Қызық болғанда, келесі жылы қырық бие шұбар құлын тауыпты. Би уәдесінде тұрып, құлындарға ен салып, бәрін жиеніне арнап өсіріп беруді мойнына алыпты. Сөйтіп, құрық салынған, яғни иесі бар сол төлдер «жиенқұйрық» аталыпты» деседі. 
   Міне, нағашы мен жиен арасындағы шынайы сыйластықтың үлгісін осыдан көруге болады. Тіпті жиенін өз қолынан үйлендіріп, отау тігіп, алдына мал салып беретін нағашылар да болған деседі. Бірақ, қазіргі кезде ол әркімнің тұрмыстық жағдайына байланысты екендігі даусыз. Әркімнің өз күйбең тірлігі бар дерсіз. Алайда, қырық серкешін бере алмасаңыз да, нағашы мен жиен арасындағы осы бір қимастық сезімді, сыйластықты сақтап қалуды ойлай жүріңіз.

#ауылпартиясы #отбасықұндылығы #нағашыжақсықандайды#адамныңжақсысынағашыдан #нағашыжұрт #ұлттыққұндылық#руханижаңғыру #мәдениет #салтдәстүр

 

скачать dle 11.3

105-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика