Құлақ тесу дәстүрі

10-02-2018, 23:50

«ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ» АЙДАРЫНЫҢ БҮГІНГІ САНЫНДА «ҚҰЛАҚ ТЕСУ» ДӘСТҮРІ ЖАЙЛЫ МАҒЛҰМАТПЕН БӨЛІСКЕНДІ ЖӨН КӨРДІК.

 

    «Қыз баланың құлағын тек сәндік үшін, әдемілікке бола теспейді. Бұл тәрбиенің бір түрі». Белгілі жазушы Зейнеп Ахметова осылай дейді. Айтуынша, қазақта қыз баланың құлағын жеті жасынан тескен. Себебі қазақта жеті – қасиетті сан. Бұл қыз баланы ертеңгі күні келін болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы. Бұл – қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де ата-анаға парыз болып саналады, - дейді қоғам қайраткері. 
    Қазақ халқының ежелгі дәстүрі бойынша, құлақ тесерде алдымен сырғалығының (құлақтың төменгі ұшы - сырғалық) екі жағынан екі тарыны сәйкестендіре қойып, жанын кетіре уқалайды. Содан кейін отқа қыздырылып, әбден тазартылған инемен тескен. Сосын жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын болған. Әбден жазылған соң әжелеріміз немересінің құлағына күмістен соғылған сырғаны салғанды жөн санаған. Күміс – өте таза әрі емдік қасиеті мол металл. Күміс сырға таққан баланың құлағы ешқашан асқынып кетпеген, ауырмаған, әрі құлақ күміске үйренген соң, алтынға да тез бейімделеді екен. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, қыз балаға сырғаны «құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, ажарлы бол» деген ырыммен де тағады-мыс. 
    Ия, халық түсінігінде сырға құлақты жағымсыз энергия, жаман сөздерден, өсек-аяңнан қорғайды. Кей жағдайда балалардың өсек айтпауын қадағалап "Құлағыңа алтын сырға" деп жастайынан әдепсіз қылықтардан тыйатын дәстүр қалыптасқан. Осы сөзден кейін олар жат қылықтардан аулақ болып, өздеріне қажет емес мәліметті қабылдамайтын болған. 
    Қазіргі заманда кейбір елдердің діни-мәдени дәстүрлеріне сәйкес қыз баласының құлағын бір айлық кезінде тесіп, сырға тағады екен. Мысалы, Түркия, Үндістан елдерінде кішкентай қыздардың құлағын тесу оларды жаңа өмірге бастайтын ерекше әдет-ғұрып саналады. Америкада қыз баланың құлағын сырғамен сәндеу перзентханада іске асырылады. Бізде болса әркім өз қалауынша әр түрлі жаста қызының құлағын тесіп жатады. Алайда, қазақ халқында да ежелден келе жатқан қағида бар екендігін естен шығармаған жөн. Сырғаны сәндік үшін тағады деген қате түсініктен аулақ болу керек. Әр нәрсенің өз жолы, өз уақыты болады. Құрметті оқырман осыны қаперіңізде ұстаңыз. «Құлағыңызға алтын сырға!»

скачать dle 11.3

103-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика