» » » Сараптамалық кеңестің екінші отырысы өтті

Сараптамалық кеңестің екінші отырысы өтті

30-03-2018, 15:28

 
      Алматыда «Ауыл» ХДПП Төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықовтың төрағалығымен сараптамалық кеңестің екінші ұйымдастыру отырысы өтті. Жиында ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, академик Абдулла Сапаров «Агроөнеркәсіптік ғылым және оны дамыту жолдары» тақырыбында баяндама жасады. 

 

       «Ауыл» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы өз сөзінде аграрлық салада кездесетін бірқатар түйткілді мәселелерді қозғады. Атап айтсақ:

• жердің құнарсыздануы және шөлейттену үрдісінің қарқынды дамуы, соның ішінде тұзданған жерлер көлемінің артуы, топырақтың қайталама тұздануы мен ластануы мәселелері;

• негізгі өндіріс құралдарының тозуы;

• аграрлық секторға инвестициялар тарту деңгейінің төмендігі;

• ауылшаруашылық кооперациялар дамуының тежелуі, ғылыми әзірлемелер мен технологияларды енгізудегі мәселелер;

• ғылыми ұйымдардың заманауи ғылыми және материалдық-техникалық инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілмеуі;

• қолданыстағы материалдық-техникалық базаның заманауи талаптарға сай келмеуі;

• ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге арнаған қаржы ресурстарының шектелуі;

• қаржы ресурстарының шектелуі жас мамандардың шетелдік жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге қолбайлау болып отыр. Бірлескен халықаралық ғылыми зерттеулер жүргізілмейді;

• аграрлық ғылымның дамуына атсалысып жүрген жас ғалымдардың басын қосып, оларды ынталандыру және әлеуметтік қолдаудың тиімді жолдарын қарастыру мәселесі;

• ауыл шаруашылығында еңбекақының төмендігі;

• жаңа технологиялар мен инновацияларды қолданудағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің төмен белсенділігі, кәсіпкерлік мәдениеттің төмен деңгейі;

• халықаралық ғылым нарығындағы ғылыми өнімдер мен технологиялардың бәсекеге қабілетсіздігі;

• жас мамандардың ауылдық жерлерде қалып, жұмыс істеуі үшін әлеуметтік қолдау мен ынталандырудың болмауы;

• ауылдық жерлердің инфрақұрылымының төмендігі, бос уақытты тиімді өткізуге арналған арнайы орындардың жоқтығы;

• мемлекеттік қолдаудың төмен деңгейі;

• жастардың аграрлық ғылымға деген қызығушылығының төмендеуі;

• кәсіпкерлер мен ғалымдар арасындағы қарым-қатынастың жоқтығы елімізде ауыл шаруашылығы саласының дамуына кері әсерін тигізуде;

 

       Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аталған мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында агроөнеркәсіп кешенді дамытудың негізгі міндеттері айқындалды. 2018 жылы еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдерді экспорттауды 2,5 есеге арттыру көзделіп отыр.

        Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін төмендегі шараларды жүзеге асыру  қажет:

  • АӨК субъектілерін қаржыландыру;
  • өткізу нарығы мен экспортты дамыту;
  • мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыру;
  • салық салуды жетілдіру;
  • ғылым мен білім беру салаларына көңіл бөлу;
  •   АӨК-ті цифрландыру;
  • жаңа технологиялардың қолжетімділігін арттыру;
  • су ресурстарын тиімді пайдалану;
  • биологиялық ресурстарды тұрақты басқару;

 

       Сараптамалық кеңес отырысы барысында қызу пікірталас туындады. Кеңес мүшелері келтірілген мәселелер аясында ойларын ортаға салды. Басқосуда айтылған ұсыныстары негізінде резолюция қабылданды.

       Отырыс қорытындысында «Ауыл» ХДПП Төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықов, келесі сессияларда талқыланатын кейбір мәселелер жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ, сараптамалық кеңестің мүшелеріне түйткілді мәселелерді терең зерттеп, соның негізінде ұсыныстар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

       Отырыста 2018 жылдың мамыр, маусым айларында өтетін сараптамалық кеңестің тақырыптары бекітілді.

      Мамыр– «Қазақстанда сүтті мал шаруашылығын дамыту».  Баяндамашы: ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі Қазақ ҒЗИ-ның басшысы М.А. Кинеев

    Маусым – «Ауыл шаруашылығы өндірісін цифрландыру». Баяндамашы: техникалық ғылымдар докторы, профессор, ҰҒА академигі,  ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру Қазақ ҒЗИ басшысы С.А. Кешуов

«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі

скачать dle 11.3

62-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика