KZ | RU | ENG

"Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" қоғамдық бірлестігінің Жарғысы

  1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
  2. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы (бұдан әрі – партия), парламенттік үлгідегі және халықтық-патриоттық бағдардағы саяси партия.
  3. Партияның толық атауы:

мемлекеттік тілде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі;

орыс тілінде: общественное объединение «Народно-демократическая патриотическая  партия «Ауыл»;

ағылшын тілінде: «Auyl» People's democratic patriotic рarty» рublicunion.

Партияның қысқартылған атауы:

мемлекеттік тілде: «Ауыл» ХДПП;

орыс тілінде: НДПП «Ауыл»;

ағылшын тілінде: «Auyl» PDPP.

3. Партия мемлекеттік биліктегі өз өкілдері арқылы қатысу жолымен олардың саяси еркін білдіруге жәрдемдесетін Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігін білдіреді.

4. Партия Қазақстан Республикасының аумағында оның мүшелерінің еріктілігі мен тең құқықтылығы, өзiн-өзi басқару және жариялылық, өзін-өзі қаржыландыру және өзін-өзі ақтау қағидаттарын қатаң сақтай отырып әрекет етеді.

5. Партияның дербес теңгерімі, банк мекемелерінде есеп айырысу және өзге шоттары, өзінің атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілген мөрі, баспа органы, эмблемасы, туы, омырау белгілері және басқа да атрибуттары болады, өз атынан мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды сатып алады, соттарда талапкер және жауапкер бола алады.

6. Партия Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Жарғыға, партияның Бағдарламасына сәйкес құрылған және еріктілік, өзін-өзі басқару, заңдылық және жариялылық негізінде әрекет етеді.

7. Партия заңды тұлға болып табылады, өзінің құрылымдық бөлімшелері - филиалдары бар, партияның құқықтық қабілеті ол мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды және оны тарату аяқталған сәтте тоқтатылады. 

8. Партияның Орталық аппаратының орналасқан жері: 010000, Астана қ., Есіл ауданы, Тұран к-сі, 7.

 

2. ПАРТИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЫСАНАСЫ, МАҚСАТТАРЫ, МІНДЕТТЕРІ, ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ

9. Партия қызметінің нысанасы мыналар болып табылады:

– қоғамның саяси өміріне қатысу;

– партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыру;

– заң шығару қызметіне қатысу.

10. Партия қызметінің мақсаты қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға белсенді түрде жәрдемдесу, экономиканың барлық салаларында нарықтық қатынастардың негізделген нысандарын жүзеге асыру, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, елдегі әлеуметтік әділеттілікті бекіту және тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, ұлттық патриотизмді нығайту, елдің барлық патриоттарын біріктіру, азаматтардың бойында Қазақстан Республикасының жан-жақты және үйлесімді дамуы үшін патриоттық және жауапкершілік сезімдерін тәрбиелеу болып табылады.

11. Партияның міндеттері мыналар болып табылады:

– партияның бағдарламалық мақсаттарын орындауға қабілетті саяси көшбасшыларды ұсыну және қолдау;

– халық арасында өз мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру, насихаттау, өз қызметі туралы ақпаратты тарату;

– Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың және өзін-өзі басқару органдарының депутаттарын сайлауға қатысу;

– барлық өкілді органдарда партияның мақсаттары мен міндеттері үшін депутаттар сайлаған партия мүшелерінің қатарынан депутаттық фракцияларды құру;

– заңнамалық актілерді әзірлеуге қатысу;

– қызметі прогреске және Қазақстанның тұрақтылығын нығайтуға ықпал ететін саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен сындарды ынтымақтастық;

– елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қолдау мен нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүргізу және оларға қатысу;

– өзінің бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, Қазақстан Республикасында әрекет ететін басқа қоғамдық бірлестіктердің жұмысына қатысу, басқа елдердің саяси партиялармен және қызметі сипаты бойынша партияның жарғылық талаптарына жақын халықаралық ұйымдармен байланыстар орнату және өзара іс-қимыл жасау;

– кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру, өйткені бұл жарғылық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді. Кәсіпкерлік қызметті қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады;

– заңда белгіленген тәртіппен жастар ұйымдарын құру;

– заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, қоғамдық бірлестіктерінде, өзін-өзі басқару органдарында және өзге де ұйымдарда партия мүшелерінің құқықтарын білдіру және қорғау;

– бұқаралық ақпарат құралдарын құру;

– баспа және полиграфия қызметін жүзеге асыру;

– Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге қызметті жүзеге асыру.

12. Партия өзінің бағдарламалық және жарғылық мақсаттарына қол жеткізу үшін партияның Саяси кеңесі Президиумының шешімі бойынша сайлау және парламенттік коалицияларға (блоктарға) кіре алады.

13. Жарғы мен Бағдарламада айқындалған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін партия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

  1. мыналарды:

– Қазақстан Республикасының Президенттігіне;

– партия тізімі бойынша, бірыңғай жалпыұлттық сайлау оркугі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттығына;

– жергілікті өзін-өзі басқару органдарына;

– мемлекеттік билік органдарындағы өзге сайланбалы лауазымдарға кандидаттарды ұсынуға;

2) мәслихаттар депутаттары арқылы – партия мүшелерін  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатураларды ұсынуға, әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің әкімдеріне және мемлекеттік билік органдарындағы өзге сайланбалы лауазымдарға кандидатураларды талқылауға қатысуға, барлық деңгейдегі әкімдерді тағайындау кезінде олардың кандидатураларын мәслихаттармен келісу процесіне ықпал етуге, мәслихаттарда партияның депутаттық фракциясы (тобы) арқылы тиісті әкімдерге сенімсіздік білдіруге бастамашылық жасауға;

3) Парламент Мәжілісінде депутаттық фракция және жергілікті өкілді органдарда депутаттық фракциялар (топтар) құруға, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында депутаттық топ құруға бастамашылық жасауға, Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракция арқылы Үкіметке және оның мүшелеріне сенімсіздік білдіруге бастамашылық жасауға;

4) Қазақстан Республикасында әрекет ететін саяси партиялармен және азаматтық қоғамның басқа да институттарымен ынтымақтасуға, басқа елдердің саяси партияларымен қарым-қатынастар және байланыстар орнатуға, тиісті келісімдер жасасуға, ұжымдық мүше ретінде діниді қоспағанда, халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктерге кіруге;

5) өзінің қызметі туралы ақпаратты таратуға және өзінің мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға;

6) заңнамаға сәйкес бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар, басқа да қоғамдық-саяси акциялар мен іс-шаралар  ұйымдастыру мен өткiзуге;

7) баспа және полиграфия қызметін жүзеге асыруға;

8) өзінің бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

9) партияның Саяси кеңесі Президиумының шешімі бойынша ерікті негізде Қазақстан Республикасының басқа саяси партияларымен және қоғамдық бірлестіктерімен қауымдастықтарға (одақтарға) бірігуге;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға;

11) «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген өзге құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

 14. Партия:

– Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасының талаптарын сақтауға;

– әрбір азаматқа оның құқықтары мен мүдделерін қозғайтын партия құжаттарымен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

– тіркеуші органға партияның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жерінің және заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тіркеліміне енгізілетін мәліметтер көлемінде оның басшылары туралы деректердің өзгергені туралы хабарлауға;

– Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде және көлемде салық органдарына өзінің қаржылық қызметі туралы есеп беруге міндетті.

  1. ПАРТИЯҒА МҮШЕЛІК

15. Партияға мүшелік ерікті, тең құқылы, жеке, тіркелетін тәртіпте болады.

16. Заңнамалық актілерде айқындалған тұлғаларды қоспағанда, 18 жасқа толған, партияның Жарғысы мен Бағдарламасының талаптарын мойындайтын және орындайтын, партияның алдында тұрған міндеттерді іске асыруға қатысатын және мүшелік жарналарды уақтылы төлейтін Қазақстан Республикасының азаматы партия мүшесі бола алады.

17. Партияға мүше болу басқа партияларға мүшелікпен сыйыспайды.

18. Партияға қабылдауды бастапқы партия ұйымының жиналысымен және олардың Президиумымен немесе аумақтық немесе өңірлік партия ұйымдарының Президиумымен, партияның Саяси кеңесінің Президиумымен азаматтың жазбаша өтініші негізінде шешіледі.

19. Партия мүшесіне оның мүшелігін растайтын партия билеті беріледі. Партия билетінің нысанын және партия мүшесінің есеп карточкасын партияның Саяси кеңесінің Президиумы немесе партия Төрағасы бекітеді.

20. Партияға мүшелік мына жағдайларда:

1) тиісті құрылымдық бөлімшеге берілген жазбаша өтініштің негізінде партиядан шыққанда;

2) азаматтығын жоғалтқан, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұрғылықты жерге кеткенде;

3) ұлттық қауіпсіздік органдарына, құқық қорғау органдарына әскери қызметке қабылданғанда, судья болып тағайындалғанда (сайланғанда);

4) партиямен келіспестен, Парламент Сенатының, мәслихаттардың депутаттығына және мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы өзге сайланбалы лауазымдарға кандидат етіп өзін-өзі ұсынғанда;

5) мыналар:

– соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін жасалған қылмысы;

– партияның беделін түсіретін әрекеті (әрекетсіздігі) немесе партияның мүдделеріне залал келтіретін әрекеті (әрекетсіздігі);

– партияның Жарғысын, бағдарламалық құжаттарын, партия органдарының шешімдерін сақтамағаны үшін партиядан шығарылғанда;

– басқа партияға кіргенде;

– қайтыс болғанда, сондай-ақ соттың шешімі бойынша азамат қайтыс болды деп жарияланғанда немесе іс-әрекетке жарамсыз деп танылғанда тоқтатылуы мүмкін.

Партияға мүшелікті тоқтату туралы немесе оның қатарынан шығару туралы шешімді бастапқы партия ұйымының жиналысы немесе Президиумы, партияның Саяси кеңесінің Президиумы қабылдайды.

21. Партия мүшесінің партияішілік тәртіпті бұзғаны үшін оған ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс сияқты партиялық жазалар қолданылуы мүмкін.

22. Партиялық жазаны қолдану туралы шешімді бастапқы партия ұйымының жиналысы немесе оның Президиумы, партияның, филиалдың  Саяси кеңесінің Президиумы қабылдайды.

4. ПАРТИЯ МҮШЕЛЕРІН ЕСЕПКЕ АЛУ ТӘРТІБІ

  1. Партия мүшелерін есепке алу партия мүшелерін есепке алу карточкалары, электрондық деректер қоры, партия филиалдарының есептері  негізінде жүзеге асырылады.
  2. Партия мүшелерін есепке алу:

– бастапқы партия ұйымында – тізім бойынша;

– филиалдарда – есепке алу карточкалары бойынша, электрондық деректер қоры және бастапқы партия ұйымдарының есептері бойынша жүргізіледі.

Өңірлік партия ұйымы төмен тұрған партия ұйымдарындағы партия мүшелерін тиісінше есепке алудың қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асырады.

  1. Партияның орталық аппаратында өңірлік филиалдардың есептері  және электрондық деректер қоры негізінде партияның құрылымы және оның құрамы туралы есеп жасалады.
  2. Партия мүшелерін есепке алу жай-күйі, ұсынылатын деректердің дұрыстығы үшін жауапкершілік бастапқы партия ұйымдарының төрағаларына және партия филиалдары төрағаларының орынбасарларына жүктеледі.

Партия мүшелерін республика ауқымында есепке алу үшін Орталық аппарат және оның басшысы жауапты болады.

  1. ПАРТИЯ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

 

  1.  Партия мүшесінің мыналарға:

– партияның және партия ұйымдарының бағдарламалық және өзге құжаттарын әзірлеуге қатысуға;

– партияның және оның филиалдарының органдарына сайлауға және сайлануға;

– заңнамада белгіленген тәртіппен партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына партияның кандидат етіп ұсынуына;

– партияның қолдауымен заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламент Сенатының, мәслихаттардың депутаттығына және мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы өзге сайланбалы лауазымдарға ұсынылуға;

– өз пікірін еркін білдіруге, партияның қызмет мәселелерін талқылауға, ауызша немесе жазбаша нысанда ұсыныстар енгізуге, кез келген партия органын, партияның кез келген мүшесін сынауға;

– партияның қорғауы мен қолдауын пайдалануға;

– партияның кез келген органына өзін қызықтыратын мәселелер бойынша жүгінуге және мәнді жауап алуға;

– партияның және оның сайланбалы органдарының қызметі туралы ақпарат алуға;

– партия органдарына сайланған партия мүшелерін қайта сайлау туралы, партиялық тізім бойынша сайланған депутаттарды заңнамаға сәйкес кері қайтарып алу немесе алмастыру туралы негізді ұсыныстар енгізуге;

– партияға жаңа мүшелерді тарту жөнінде жұмыс жүргізуге;

– партиядан шығу туралы мәселені дербес шешуге;

– екі айдың ішінде партиядан шығару туралы немесе оған партиялық жаза қолдану туралы шешімге жоғары тұрған партия органдарына шағымдануға құқығы бар.

  1.  Партия мүшесі:

– партияның осы Жарғысының, Бағдарламасының және партияның қызметін реттейтін басқа құжаттардың талаптарын сақтауға;

– жарғылық және бағдарламалық мақсаттарды, партияның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіруге және қолдауға;

– партия органдарының шешімдерін орындауға. Мемлекеттік қызметте тұратын партия мүшелері лауазымдық міндеттерін орындау кезінде партияның және оның органдарының шешімдерімен байланысты емес;

– партияның қызметіне өзі қатысуға, іс-әрекеттерімен және қылықтарымен партияға тиесілілігін дәлелдеуге, халық арасында беделі мен ықпалының өсуіне ұмтылуға;

–  партияның мүшелік жарналарын уақтылы төлеуге;

–  тұрғылықты жерін ауыстырған кезде партияның есебіне тұруға;

– партияның рәмізіне, сондай-ақ партия билетіне ұқыпты қарауға және оның сақталуын қамтамасыз етуге;

– қоғамды демократияландыруға, азаматтардың бойында патриоттық сезімдерді тәрбилеуге өзінің тікелей қатысуымен және жеке жүріс-тұрысымен партияларға тиесілілігін дәлелдеуге, халық арасында беделі мен ықпалының өсуіне ұмтылуға;

– партия жиналыстарына үнемі барып тұруға міндетті.

6. ПАРТИЯНЫҢ ӨКІЛДІ ОРГАНДАРДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

29. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және жергілікті өкілді органдардың депутаттары Парламент Мәжілісіндегі фракция және жергілікті өкілді органдардағы депутаттық фракциялар (топтар) түрінде партияның Саяси кеңесі Президиумының және партияның тиісті филиалының Саяси кеңесі Президиумының алдын ала келісімі бойынша партияның депутаттық бірлестіктерін құрады.  

30. Депутаттық фракцияның және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенаты депутаттарының, жергілікті өкілді органдардағы депутаттар мен депутаттық бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

31. Депутаттық бірлестіктер – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі фракция және Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органдарындағы фракциялар (топтар) депутаттық фракциялардың –фракциялардың (топтардың) басшыларын тиісінше партия Төрағасының, партия филиалдары Саяси кеңесі Президиумының ұсынуы бойынша сайлайды.

32. Партия және оның құрылымдық бөлімшелері депутаттық бірлестіктерге олардың жұмысында жәрдем көрсетуге міндетті.

Парламент Мәжілісі депутаттық фракциясының мүшелері партия Төрағасының, партияның жоғары және атқарушы органдары алдында жауап береді, олардың бақылауында болады және оларға есеп береді; жергілікті өкілді органдардағы депутаттық бірлестіктердің мүшелері – партияның жоғары және атқарушы өңірлік органдары (филиалдары) алдында жауап береді, олардың бақылауында болады және оларға есеп береді.

33. Депутаттық бірлестіктер – фракциялардың (топтардың) қызметін тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

34. Өкілді органның депутаты болып сайланған партия мүшесінің міндеттері:

– тиісті өкілді органдағы партияның депутаттық фракциясының (тобының) құрамына кіру;

– депутаттық фракцияның (топтың) жұмысына үнемі қатысып отыру;

– депутаттық фракцияның (топтың) шешімдерін орындау;

– сайлаушылармен кездесулерде партия шешімдерін түсіндірумен сөз сөйлеу;

– партияның Саяси кеңесі тиісті Президиумының, партия филиалының Саяси кеңесі Президиумының алдында депутаттық фракциядағы (топтағы) және сайлау округіндегі өз жұмысы туралы есеп беру;

– партияның өзі есепте тұрған тиісті құрылымдық бөлімшесін өзінің депутаттық қызметі туралы хабардар ету.

7. ПАРТИЯНЫ ҚҰРУ ҚАҒИДАТТАРЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

35. Партияның құрылымы аумақтық қағидат бойынша құрылады және Саяси кеңестен, Саяси кеңестің Президиумынан, Орталық аппараттан және Қазақстан Республикасының аумағындағы филиалдардан тұрады.

Филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайды және партияның Саяси кеңесінің Президиумы бекіткен ереженің негізінде әрекет етеді және өз қызметінде партияның Жарғысы мен Бағдарламасын, басшы партия органдарының өзге шешімдерін басшылыққа алады.  

36. Партияның негізін бастапқы партия ұйымдары құрайды, олар партияның Саяси кеңесінің Президиумы бекітетін ереженің негізінде әрекет етеді.

8. ПАРТИЯНЫҢ ОРГАНДАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ

37. Партияның съезі партияның жоғары органы болып табылады.

Партияның съезі партияның Саяси кеңесінің немесе оның  Президиумының шешімі бойынша қажеттілігіне қарай, бірақ төрт жылда кемінде бір рет шақырылады. 

Партияның съезі оның жұмысына партия филиалдары өкілдерінің көпшілігі қатысқан кезде заңды болып саналады.

Партия съезінің делегаттары партияның филиалдарының конференцияларында, бөлек жағдайда партияның Саяси кеңесі Президиумының шешімі бойынша, партия филиалдарының Саяси кеңестері Президиумының отырыстарында сайланады.

Партияның кезектен тыс съезі партияның Саяси кеңесі Президиумының немесе партия Төрағасының шешімі бойынша, сондай-ақ партия  филиалдарының көпшілігінің бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.

Партия съезінің шешімдері қатысып отырған делегаттардың көпшілік даусымен қабылданады. Дауыс беру нысанын (ашық немесе жабық) Съезд делегаттары айқындайды.

38. Партияның съезі партия қызметінің барлық мәселелерін шешуге құқылы.

Партия съезінің айрықша құзыретіне мыналар жатады:

– партияның Жарғысын, Бағдарламасын және басқа да бағдарламалық құжаттарын қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

– партия Төрағасын лауазымға сайлау және босату;

– партияның Саяси кеңесін және Орталық тексеру комиссиясын сайлау;

– партияның мүшелерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне; Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттығына ұсыну, осы тізімді бекіту және оған өзгерістер енгізу;

– партия бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұсынған кандидаттарды кері қайтарып алу;

– партияның Саяси кеңесінің партия съездері арасындағы жұмысы туралы есебін тыңдау;

– партияның Орталық тексеру комиссиясының съездер арасындағы қаржы-шаруашылық қызметі туралы есебін тыңдау;

  • партия органдарының құзыретін, ұйымдық құрылымын, қалыптастыру және өкілеттігін тоқтату тәртібін айқындау;
  • партияның мүшелік жарналарының мөлшерін бекіту;
  • партияның заңды тұлғаларды құруы немесе партия құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыруға немесе таратуға партияның қатысуы туралы шешім қабылдау;

– партияны және оның өңірлік филиалдарын қайта ұйымдастыру, тарату, қайта атау және қайта тіркеу туралы шешім қабылдау.

39. Партияның съездері арасында партия Төрағасы немесе партияның Саяси кеңесінің Президиумы қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақыратын партияның Саяси кеңесі партияның жоғары өкілді органы болып табылады.

Партияның Саяси кеңесінің отырысы, егер оған оның мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, заңды болады. Партияның Саяси кеңесінің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

Партияның Саяси кеңесінің шешімдері оның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.

40. Партияның Саяси кеңесі:

– партия Төрағасының ұсынысы бойынша партия Төрағасының орынбасарларын лауазымға сайлайды және босатады;

– партия органдарының партия съезінің шешімдерін орындау жөніндегі негізгі бағыттарын айқындайды;

– партияның сайлау науқандарына қатысуына байланысты мәселелерді қарайды;

– партияның Саяси кеңесі Президиумының, өңірлік және аумақтық партия ұйымдарының ұсыныстары бойынша партия Съезінің қарауына Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ұсынуға кандидатураларды енгізеді;

– саяси мәлімдемелер мен өтініштерді қарайды және партияның атынан енгізеді;

– қалыптасқан қоғамдық қатынастар бойынша партияның ұстанымын айқындайды;

– партия Төрағасының ұсынысы бойынша өз құрамынан партияның Саяси кеңесі Президиумының мүшелерін сайлайды;

– партияның съездерін шақырады, олардың күн тәртібін қалыптастырады;

– партияішілік пікірталастар өткізу туралы шешімдер қабылдайды, оларды өткізу мен қорытындыларын шығаруды ұйымдастырады;

– партия съезінің және партия Төрағасының айрықша құзыретіне жатпайтын партия қызметінің басқа да мәселелерін шешеді;

– партияның Саяси кеңесі партияның Саяси кеңесі Президиумының қарауына немесе Төрағаға оның құзыретіне кіретін жеке мәселелерді беруге, сондай-ақ төмен тұрған партия ұйымдарының шешімдерінің күшін жоюға құқылы.

41. Партияның Съездері мен Саяси кеңесінің отырыстары арасында партияның Төрағасы, ал ол болмаған жағдайда Бірінші орынбасары қажеттілігіне қарай, бірақ алты айда кемінде бір рет шақыратын партияның Саяси кеңесінің Президиумы партияның атқарушы органы болып табылады. Партияның Саяси кеңесі Президиумының өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

Партияның Саяси кеңесі Президиумының отырысы, егер оған оның мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, заңды болады.

Партияның Саяси кеңесі Президиумының шешімдері қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.

Партияның Саяси кеңесі Президиумының оның мүшелеріне сауал қою жолымен шешімдер қабылдауына жол беріледі.

42. Партияның Саяси кеңесінің Президиумы:

– Партияның Съездері мен Саяси кеңестің отырыстары арасындағы кезеңде партияның жұмысына басшылық жасайды;

– партияның Саяси кеңесіне бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайлау үшін партия тізіміне енгізу үшін кандидатураларды, Қазақстан Респрубликасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды мәслихаттардың партиялық фракцияларына (топтарына) оларды кейіннен ұсыну үшін мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тиісті ұсыну жөнінде ұсыныстар енгізеді;

– партия Съезінің, Төрағасының және партияның Саяси кеңесінің шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

– өңірлік партия Конференцияларының партия филиалдарының төрағаларын сайлау жөніндегі шешімдерін бекітеді;

– республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі әртүрлі бағыттар бойынша мәселелерді талқылайды;

– партияның төмен тұрған органдарының шешімдерінің күшін жояды, егер Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракцияның шешімдері Қазақстан Республикасының заңнамасына, партияның Жарғысына және бағдарламалық құжаттарына, партия Съезінің, Төрағасының, партияның Саяси кеңесінің және оның Президиумының шешімдеріне қайшы келсе, олардың күшін жоюға ұсыныс береді;

– партия тізіміне енгізілген кандидаттар қатарынан депутаттық мандаттарды таратуды айқындайды;

– партия филиалдары басшыларының, Мәжілістегі депутаттық фракцияның басшысы мен мүшелерінің, партия мүшелерінің – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттарының есептерін тыңдайды;

– саяси мәлімдемелер мен өтініштерді қарайды және партияның Саяси кеңесінің атынан енгізеді;

– партияның Саяси кеңесінің отырыстарын, жекелеген жағдайда партияның кезектен тыс съездерін шақырады;

– партияның, оның депутаттық бірлестіктерінің қызметі үшін қажетті партия құжаттарының нысандарын, моральдық көтермелеу атрибуттарының үлгілерін бекітеді;

– партияның Орталық аппараты туралы ережені бекітеді;

  • партияның жастар қанаты туралы ережені бекітеді;

– партия мүшелігіне қабылдау және оларды есепке алу, партия билеттерін беру мен алып қою, мүшелік жарналар төлеу тәртібі туралы ережені бекітеді;

– партияның Төрағасы мен Төрағасының орынбасарлары арасында міндеттерді бөлу туралы ережені бекітеді;

  • партияның филиалдары туралы ережені бекітеді;
  • партияның есеп саясатын бекітеді;

– партияның шақырылатын Съездерінде өңірлік партия ұйымдарының өкілдік ету нормасын бекітеді;

– мемлекеттік наградалармен, құрметті атақтармен наградтауға кандидатураларды ұсынады, партия наградалармен наградтау тәртібін бекітеді;

– партияға қабылдау және/немесе партиядағы мүшелікті тоқтату, оның ішінде партиядан шығарылғандарды апелляциялау мәселелерін қарайды;

– саяси-партиялық жұмыстың әртүрлі бағыттары жөнінде комиссиялар мен жұмыс топтарын құруға құқылы;

– партияның Съезі қабылдайтын бағдарламалық құжаттарды қоспағанда, партия қызметінің әртүрлі бағыттары жөніндегі құжаттарды қабылдайды;

– партияның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

– партия съезінің, партия Төрағасының, партияның Саяси кеңесінің  айрықша құзыретіне жатпайтын қызметінің өзге мәселелерін, оның ішінде төмен тұрған партия органдарының шешімдерінің күшін жою жөніндегі мәселелерді шешеді.

44. Партия Төрағасы – партиядағы жоғары басшы тұлға:

  • партияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
  • партияның съезін ашады және онда төрағалық етеді;
  • партияның Саяси кеңесінің, оның Президиумының жұмысын басқарады және басшылық жасайды, олардың отырыстарында төрағалық етеді;
  • Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну жөнінде, Қазақстан Республикасының Президенті фракциямен консультациялар жүргізген кезде Парламент Мәжілісіндегі партияның фракциясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын талқылау жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы;
  • партия Төрағасы орынбасарларының, Орталық тексеру комиссиясы төрағасының және өңірлік партия ұйымдары төрағаларының кандидатуралары жөнінде ұсыныстар енгізеді;
  • партияның Саяси кеңесінің, оның Президиумының және партияның  Тексеру комиссиясының құрамына ұсынылатын кандидатуралар жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы;
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі партияның депутаттық фракциясының жұмысын үйлестіреді;
  • Партияның қоғамдағы беделі мен ықпалының өсуін қамтамасыз ету, партияның қатарларын және партияішілік тәртіпті нығайту, партияның кадр саясатын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдайды;
  • партия филиалдарының басшыларын тыңдайды, қажет болған кезде партия органдарындағы атқарып отырған лауазымдарға олардың сәйкестігі туралы мәселені шешеді;
  • партия органдарының құрылымын жетілдіру жөнінде шешімдер қабылдайды;
  • партияның атынан сенімхатсыз әрекет етеді және оны үшінші тұлғалармен, оның ішінде ел ішінде де, шетелде де мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және басқа партиялармен қатынастарда білдіреді;
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі партияның депутаттық фракциясына фракция басшысының кандидатурасын ұсынады;
  • партияның Съезі, Саяси кеңесі және оның Президиумы қабылдаған шешімдерге, қаулыларға, мәлімдемелерге және өтініштерге қол қояды;
  • партия Съезінің айрықша құзыретіне жатқызылмаған партия қызметінің барлық мәселелері бойынша шешімдер қабылдай алады, төмен тұрған партия ұйымдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы, қаулылар, өкімдер, бұйрықтар және өзге құжаттар шығарады;
  • партияның мүлкіне және ақшалай қаражатына иелік етеді және мүлікке және ақшаға иелік ету бойынша партияның басқа лауазымды тұлғаларына өкілеттік беруге құқылы;
  • партияның есеп саясатын бекітеді;
  • партияның Орталық аппаратының қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және партия мүшелерінің қатарынан босатады, олардың өкілеттіктерін және функционалдық міндеттерін айқындайды, қызметкерлерді көтермелеу немесе оларға тәртіптік жазалар қолдану жөнінде шешімдер қабылдайды;
  • Орталық аппараттың басшысына және партия органдарының өзге лауазымды тұлғаларына сенімхаттар береді;
  • партияның наградаларымен наградтау жөнінде шешімдер қабылдайды;
  • партияның Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракциясы арқылы Үкіметке және оның мүшелеріне сенімсіздік білдіру туралы бастамашылық жасай алады;
  • заңнамада және партияның Жарғысында белгіленген өзге құқықтары бар.

44. Партия Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлау кезінде партия Төрағасының өкілеттіктері мен міндеттерін партия Төрағасының бірінші орынбасарына жүктеуге оның құқығы бар.

45. Партия Саяси кеңесінің Президиумы бекіткен Ережеге сәйкес әрекет ететін партияның орталық аппараты және оның аумақтық өкілдері партияның жұмыс органы болып табылады.

46. Партияның Орталық аппараты:

  • партияның құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық партия ұйымдарының, сондай-ақ партияның қатысуымен құрылған немесе партия құрған ұйымдардың жұмысын үйлестіреді;
  • партияның қызметін ақпараттық, талдамалық, идеологиялық, ұйымдық, құжаттамалық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
  • партия Съезінің шешімдерін, партияның Саяси кеңесінің және Саяси кеңесі Президиумының шешімдерін, партия Төрағасының, оның орынбасарларының шешімдері мен тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етеді, Орталық тексеру комиссиясының ұсынымдары мен шешімдерін орындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
  • партия Төрағасының және оның орынбасарларының тапсырмасы бойынша өзге мәселелерді шешеді.

47. Партияның Орталық аппаратының құрылымын, Құрылымдық бөлімшелері туралы ережені, штат санын, еңбекақы төлеу жүйесін партияның Төрағасы бекітеді.

48.  Партияның Орталық аппаратын, партияның филиалдарын, партияның тыныс-тіршілігі мен беделін үшін қамтамасыз ету өткізілетін іс-шаралар қаржыландыру партияның бюджеті есебінен жүзеге асырылады.

49. Партияның Орталық тексеру комиссиясы – партияның 4 жылға сайланатын жоғары бақылаушы органы.

Орталық тексеру комиссиясының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі және олардың мүшелерінің жартысынан астамы қатысқан кезде, заңды болады.

Партияның Орталық тексеру комиссиясының шешімдері қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады және орындалуы міндетті.

 

9. ПАРТИЯНЫҢ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗДЕРІ ЖӘНЕ МЕНШІГІ

  1.  Партияның қаражаты:

– мүшелiкке кiру және мүшелiк жарналардан;

– қайырмалдықтар құжатпен расталып, олардың шығу көздерi көрсетiлген жағдайда мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес ұйымдарының қайырмалдықтарынан;

– кәсiпкерлiк қызметтен түскен кірістерден;

– бюджет қаражатынан құралады.

Мыналардан:

– шет мемлекеттерден, шетелдiк заңды тұлғалардан және халықаралық ұйымдардан;

– шетелдiктерден және азаматтығы жоқ адамдардан;

– шетел қатысатын заңды тұлғалардан;

– мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк ұйымдардан;

– дiни бiрлестiктерден және қайырымдылық ұйымдарынан;

– иесi көрсетiлмеген қайырмалдық жасаушылардан;

– халықаралық немесе шетелдік үкіметтік емес ұйымдардан гранттар және өзге де қаражаттар алатын Қазақстан Республикасының азаматтарынан немесе мемлкеттік емес ұйымдарынан қайырмалдық алуға жол беріледі.

51. Партияның меншігінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен партия мен филиалдардың қызметін материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті оқшау мүлкі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның қаражаты есебінен құрылған ұйымдары болуы мүмкін.

52. Ақшаның және мүліктің иесі партия болып табылады.

Партияның филиалдары партияға тиесілі мүлікті пайдалануға құқылы,  олардың басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның сақталуы үшін жауапты болады.

Партияның қаржылай қаражаты және өзге мүлкі партияның мүшелері арасында бөлінбейді және жарғылық мақсаттарға сәйкес жұмсалады.

Партия мүшелері – партияның міндеттемелері бойынша, сол сияқты партия өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Партия мүшелерінің партияның мүлкіне қатысты құқықтары жоқ.

53. Партия мүшелері ай сайын партиялық жарналар төлейді.

54. Ақша қаражатының түсуін, оның және партияның өзге мүлкінің пайдаланылуын тексеру комиссиялары белгіленген тәртіппен тексереді. Тексеру нәтижелері қажет болған кезде партия органдарының қарауына енгізіледі. Тексеру нәтижелері қажет болған кезде партия органдарының қарауына енгізіледі.

55. Партияның қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

56. Партияның лауазымды тұлғалары партияның ақша қаражаты мен мүлкінің сақталуы және нысаналы пайдаланылуы үшін жауапты болады.

57. Заңнамада белгіленген тәртіппен қаржы ресурстарын жинақтау және материалдық-техникалық базаны дамыту мақсатында жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін партия:

  • жарғылық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететіндіктен, кәсіпкерлік қызметі, шаруашылық қызметті жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кәсіпкерлік және шаруашылық қызметті жүзеге асыруға, шарттар жасасуға, мәмілелер жасауға;
  • белгіленген тәртіппен ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, көлік құралдарын, өзге мүлікті жалға алуға, жалға беруге;
  • кредиттер алуға және кредит қаражатын пайдалануға;
  • мәмілелер жасауға, шарттар жасасуға, өзіне міндеттемелер алуға, басқа ұйымдардың сенімхаты бойынша әрекет етуге;
  • өзінің қызметін басқа тұлғалармен бірлесіп, оның ішінде заңды тұлға құра отырып жүзеге асыруға;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға құқылы.      

Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес ұйымдарының қайырмалдықтарынан, партияның мүлкін жалға беруден түскен түсімдер, кәсіпкерлік және шаруашылық қызметті жүзеге асырудан түскен кірістер партияның банктік шотына есепке алынады.

58. Партияның өз қаражатын білгіленген тәртіппен қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына жол беріледі.

59. Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес ұйымдарының қайырмалдықтары, партия мүшелерінің мүшелікке кіру, мүшелік жарналары және өзге көздерден алынатын ақша, сондай-ақ өзге мүлік партияның осы Жарғыда көзделген мақсаттарына бөлінеді.

60. Партия және оның филиалдары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қаржылық және мүліктік жауапты болады.

Партияның және оның құрылымдық бөлімшелерінің  (филиалдарының) ақшашай және өзге материалдық активтерін басқару саласындағы қаржылық есеп беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

61. Мүшелік жарналардың мөлшерін және оларды төлеу тәртібін, партия ұйымдарына қаражатты аудару үлестерін партияның Саяси кеңесінің Президиумы белгілейді.

 

10. ПАРТИЯДАН КАНДИДАТТАРДЫ ДЕПУТАТТЫҚҚА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ САЙЛАНБАЛЫ ЛАУАЗЫМДАРЫНА ҰСЫНУ ТӘРТІБІ, ОЛАРДЫ КЕРІ ҚАЙТАРЫП АЛУ ЖӘНЕ РОТАЦИЯЛАУ НЕГІЗДЕРІ

 

62. Партиядан депутаттыққа және мемлекеттік билік органдарындағы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы өзге де сайланбалы лауазымдарға кандидаттарды (кандидаттар тізімі) ұсыну, олардың қызметі және сайланбалы органдар құрамындағы өзара іс-қимылы, сондай-ақ  оларды кері қайтарып алу және ротациялау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

11. ПАРТИЯНЫҢ РӘМІЗІ

63. Партияның рәмізі ретінде өз туы, эмблемасы мен значогы болады.

64. Партияның эмблемасы партияға мүшелікті растайтын мөрлерге, бланкілерге, партия құжаттарына басылуға міндетті.

65. Партияның эмблемасы осы Жарғыға №1 қосымшаға сәйкес мынаны білдіреді:

талпынып тұрған пырақ сұлбасы батылдықтың, болашаққа сеніммен баруға ұмтылу мен әзірліктің теңеуі тәрізді;

ол дала көрінісі мен бостандық пен молшылықты білдіретін щығып келе жатқан күннің кескіні аясында бейнеленген;

суреттің сол жағында өсіп-өркендеу қуатын және халықтық әл-ауқатының өсуін бейнелейтін масақ бейнесі жиектелген;

суреттің оң жағында – партияның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі атауы.

66. Партияның туы осы Жарғыға №2 қосымшаға сәйкес тік бұрышты ақ түсті мата, ені мен ұзындығының арақатынасы – ортасында партияның эмблемасын бейнелей отырып, 1:2.

67. Осы Жарғыға №3 қосымшаға сәйкес значок дөңгелек пішінді, жоғарғы жағында талпынып тұрған пырақ бейнеленген, төменгі жағында дала көрінісі және АУЫЛ сөзі бейнеленген.

Сол жағында значок масақ бейнесімен жиектелген.

 

12. ПАРТИЯНЫҢ ЖАРҒЫСЫ МЕН БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ

68. Партияның Жарғысы мен Бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені партия съезінің қарауына партияның Саяси кеңесі, не партияның Төрағасы енгізеді немесе съезге қатысып отырған делегаттардың жалпы санының кемінде 1/3 бөлігінің талап етуі бойынша енгізіледі.

69. Партияның Жарғысына съезд қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік тіркелуге жатады.

 

13. ПАРТИЯНЫ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ

ЖӘНЕ ТАРАТУ ТӘРТІБІ

70. Партияны қайта ұйымдастыру (қосылу, бірігу, бөліну, бөлініп шығу, қайта құрылу) партия съезінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және осы Жарғыда көзделген тәртіппен жүргізіледі. Қайта ұйымдастырылғаннан кейiн жаңадан құрылған партияны тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

71. Партия:

  • партия съезінің шешімі бойынша;
  • соттың шешімі бойынша;
  • филиалдардың кемінде жартысының өкілі болып табылатын мүшелерінің кемінде елу бір пайызының ұсынысы бойынша таратылады.

72. Партияны таратуды партияның Съезі тағайындайтын тарату комиссиясы жүргізеді.

Партияны тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.