KZ | RU | ENG

«Ауыл» ҚСДП тарихы

«Ауыл»  Қазақстан социал демократиялық партиясы («Ауыл» ҚСДП)    қоғамдық-саяси ұйым. Партия 2002 жылы 1 наурызда тіркелген, 2003 жылы 2 сәуірде қайта тіркеуден өткен. 166 мың мүшесі бар саяси ұйымның Қазақстанның барлық облыстарында құрылымдық бөлімшелері болды. Партия төрағасы болып Ғани Әлімұлы Қалиев сайланды. Ол 2004 жылдың 22 қазан айынан бастап, Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінде бақылаушы қызметін қоса атқарды.

Тарихы

2007 жылы Мәжіліс сайлауында партия 1,51% дауыс жинап, Парламентке өтпей қалды. 2011 жылы Президенттік сайлау өтетіндігі туралы хабарланған соң, партия аппаратының жетекшісі Жәнібек Нағыметов «Ауыл» партиясы өз үміткерін ұсынатынын жариялаған. Дегенмен партия бұл сайлауға қатысқан жоқ.

2011 жылы 2 желтоқсанда Астанада «Ауыл» ҚСДП-ның VIII кезектен тыс съезді өтіп, оған 120 делегат қатысты. 2012 жылғы Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткерлер ретінде партиялық тізімге 23 адам енді. Олардың қатарында мәдениет қайраткерлері, академиктер, фермерлік қожалық иелері бар. Партияның бекітілген тұғырнамасына сай, негізгі міндеттер ретінде ауыл халқының азық-түлік себеті, ауыл инфрақұрылымын дамыту, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мектеп аурухана секілді әлеуметтік нысандар құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу шаралары жарияланды. 10 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы 18 адамнан тұратын партиялық тізімді бекітті. 2012 жылдың 17 қаңтар күні Орталық сайлау комиссия сайлау қорытындысын жария етті, нәтижесінде Ауыл ҚСДП 1,19%  дауыс жинап, парламентке өтпеді.

Идеология

Партия өзінің басымдықты міндеттері аграрлық секторды қолдау және мемлекеттік реттеу; ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғау; экономикалық саяси реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысу, азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту болып табылады.

Құрылым

Партияның ұйымдастырушылық құрылымы аумақтық принцип бойынша түзілді. Партияның филилалдары мен өкілдіктерінің заңды тұлға ретінде құқықтары болмады, олар Партия саяси кеңесінің Төралқасы бекіткен ережелер негізінде әрекет етіп, Партияның жарғысымен бағдарламасын және өзге де шешімдерін негізге алды.

Партияның жоғарғы басшылық органы ретінде Съезд (конференция) болып табылады. Партия филиалдары мен өкілдіктерінің жоғарғы басқарушы органы филиал не өкілдік конференциясы (жалпы жиналыс) болып табылады.

Партияның қаржылық және шаруашылық қызметін бақылап тексеру, партиялық бюджетті қалыптастырып, орындау, партия меншігіндегі мүлікке ие болу, қолдану қызметін Орталық бақылау-тексеру комиссиясының құқығында. Жергілікті және аумақтық партия мекемелерінде тиісті бақылау-тексеру комиссиялары құрылды.

2015 жылдың 26 тамыз айында Ауыл ҚСДП-ның X кезектен тыс съезінде партия басшылығы ауысты. Қалиев Ғани Әлімұлы төраға қызметінен кетті. Осы съезде Партияның жаңа төрағасы болып Әли Әбдікәрімұлы Бектаев сайланды.

2015 жылдың 5 қыркүйегінде «Ауыл» ҚСДП XI кезектен тыс съезінде «Ауыл» Қазақстанның социал-демократиялық партиясымен Қазақстанның патриоттар партиясын біріктіру туралы шешім қабылданды.