KZ | RU | ENG

«Ауыл» ХДПП, үгіт-насихат науқанын қорытындылайтын, «Ауылым – алтын бесігім» атты ұлттық киімдер фестивалін өткізді

«Ауыл» ХДПП, үгіт-насихат науқанын қорытындылайтын, «Ауылым – алтын бесігім» атты ұлттық киімдер фестивалін өткізді
18.03.2016

18 наурызда Астана қаласында «Ауыл» ХДПП, үгіт-насихат науқанын қорытындылайтын, «Ауылым – алтын бесігім» атты ұлттық киімдер фестивалін өткізді.  

            Шараны ұйымдастарған партия ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәстүрімізді дәріптеуді мақсат тұтқан. Сонымен қатар ұйымдастырушылар қазақтың ұлттық киімдерінің қазіргі сән әлеміндегі беделін көрсетуді, ұлттық дизайнерлердің еңбектерін дәріптеп тұтынушыларға ұлттық бұйымдарды насихаттауды көздеп отыр.

Партия төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, «Қазақ халқының көне мәдениетімен сабақтастыра отырып, ұлттық айшықтарымызды  жаңғырту маңызды. «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары осы тақырыпқа арналған.  Жаһандану кезеңінде ұлттық мәдениеттің дамуына қауіп-қатер төнетіні рас. Сондықтан өскелең ұрпақ үшін ұлттық игілікті сақтап қалу міндет. «Ауыл» партиясы өзінің тұрақты жұмыс барысында ауылды дамыту арқылы ондағы рухани-адамгершілік қағидаларын жаңғыртуды көздейді»

Шараға елге танылған дизайнер-модельерлер өз туындыларын ұсынды. Көздің жауын алатын бағалы матадан тігіліп, ұлттық ою- өрнекпен айшықталған бүрмелі көйлек, үкілі кәмшат көптің көңілінен шықты. Сонымен қатар фестиваль барысында ұлттық әшекей бұйымдар: шолпы, шашбау, сырға, алқа, жүзік, білезік, өңіржиек, бойтұмар т.б. сан түрін тағынған мың бұралған ару қыздар көрерменнің көзін қуантты.

«Ауыл» партиясынан парламент мәжілісі депутаттығына үміткер, этнограф, «Әдемі-ай» компаниясының директоры Бахаргүл Төлегеннің айтуынша, «ұлттық өнерімізде мақтанатын, паш ететін дүниелер көп. Бүгінде қазақы әшекей бұйымдардың өзіне шетелдіктер тамсана қарайды. Бұл біздің бренд. Оны біз дұрыс таныта біліп, оны жаңғырта отырып, дамытуымыз керек. Ұлттық мәдениетімізді шет елге  тек насихаттап қоймай, жәдігерлерімізден елімізге экономикалық пайда табудың амалдарын жасауға болады».

Фестиваль аясында көрермендер назарына шеберлер қолынан шыққан  ұлттық кәдесыйлар мен бұйымдар ұсынылды. Жаңа заман талабына сай, елдігімізді, ұлттығымызды көрсететін ұлттық кәдесыйлар қатарында: қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардың статуеткасы, «Асатаяқ» кәдесыйы, «Қазақ елі», «Мәңгілік ел», «Киіз үй», «Алтын сақа», «Домбыра» «Қобыз» кәдесыйлары бар.

Сонымен қатар көрермендер ұлттық жасаулармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Құрақ көрпе, сырмақ, текеметтің түр-түрі шараның сәнін келтірді.

 «Ауыл» партиясы 20 ақпаннан бастау алған үгіт-насихат кезеңінде Қазақстанның әрбір өңірінде сайлаушылармен кездесіп, ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған конференция, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырды. Одан бөлек флешмобтар, акциялар өткізді.