KZ | RU | ENG

Жаңаланған «Ауыл» партиясы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді

Жаңаланған «Ауыл» партиясы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді
20.11.2015

Жаңаланған «Ауыл» партиясы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді.

2015 жылдың 20 қарашасында «Ауыл» партиясы Президиум және  саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді.

Жаңаланған «Ауыл» партиясы өзінің облыстық филиалдарында есеп беру-сайлау кампаниясының жұмысын аяқтады. Конференция жұмысына партия мүшелері түгелдей дерлік қатысып, ұйымның ағымдағы жұмыс барысына баға берді. Сонымен қатар партиялық құрылымды жаңалап, оған жан бітіру, келешектегі жоспарларды нақтылап, даму стратегиясын белгілеу және саяси жұмыстың тактикасынанықтауға бел шеше кірісті.

Шара нәтижесінде партия мүшелерінің, елдің қоғамдық саяси және әлеуметтік дамуы туралы көзқарастарын жинақтайтын, жаңаланған партия бағдарламасы қабылданды

Жаңаланған бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаев жариялаған «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтас. Жоғары рухты қоғамның қалыптасуы үшін еңбек сүйгіштік, адалдық, білімпаздық пен ғылымға құмарлық, төзімділік пен азаматтық қоғам секілді құндылықтар іргетас болып қалануы тиіс.

Партия Қазақстанның және қазақстандықтардың ең басты құндылығы мен байлығы Тәуелсіздік деп біледі. Қолдағы осы құндылықты әрбір жан көзінің қарашығындай сақтап, оған келешек ұрпақтың сапалы, лайықты, молшылықта өмір сүруінің кепілі ретінде қарауы керек.

«Ауыл» партиясы әлеуметтік теңдікті насихаттайды! Нақты еңбекке лайықты төлем жасау әлеуметтік экономикалық міндеттердің ең маңыздысы деп біледі. Маңдай терімен нәпақасын айырған әрбір азаматтың лайықты сыйақыға және әлеуметтік қорғау мен қолдау көруге толық құқы бар. Шайлықтан артылмайтын айлық болмауы тиіс.

Ең бастысы, партия ауыл ахуалына, ауыл проблемаларына жіті көңіл бөледі. Заманауи, мықты, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы елдің көркейіп дамуын қамтамасыз етеді.

«Ауылшаруашылығын дамытудың арқасында неғұрлым өтімді, сұранысқа ие өнімдер өндіруді ынталандыру, өндіріс көлемін бақылау, бағадағы тұрақсыздықты төмендету және ауыл шаруашылығындағы болжам жасауды жақсарту әрі көп тұтынатын ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыру қажет» - деді «Ауыл» партиясының төрағасы А.Бектаев.

Партияның саяси кеңесінің президиум отырысында идеологиялық, ақпараттық сараптамалық, ұйымдастырушылық қызметті жетілдіру және аймақтық бөлімшелерді күшейту мәселелері қаралды. 

Сонымен қатар партиялықтар ағымдағы айда жүргізілетін қоғамдық саяси жұмыстар жоспарын бекітті.