KZ | RU | ENG

Жастар. Ауыл. Жаңғыру

Жастар. Ауыл. Жаңғыру
21.12.2017

  «Ауыл» ХДПП Жамбыл облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Жастар. Ауыл. Жаңғыру» атты  II облыстық  жастар форумы өтті. Жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Н. Манжуов, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының өкілдері, аудандық филиал төрағалары, мәслихат депутаттары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар саясаты мен  жастар ресурстары орталығының мамандары, БАҚ өкілдері, жас мамандар мен кәсіпкерлер қатысты.

«Ауыл» ХДПП Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Ерболат Саурықовтың атап өткеніндей, форум жұмысы ауылдық жерлерде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға, сондай-ақ рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған. «Ауыл жастары үшін ұсынылған мемлекеттік бағдарламалар арқылы елді мекендерге жас мамандар тартып,  оларды жұмыспен қамтуды жолға қою қажет. Бұл ауылдарды көркейтіп қана қоймай, рухани жаңаруына да зор мүмкіндік береді», - деді партия филиалының төрағасы. Сонымен қатар, жиында Жамбыл облысы ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық талдау жұмыс бөлімінің басшысы Фархат Абдралиев, «Қазақстан ауыл жастары» ҚБ төрағасы Ықтияр Мырзахметов тақырып бойынша баяндамаларын оқыды.

Сондай-ақ, форум жұмысы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Отырыс барысында жастарды жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы, сонымен қатар, рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жиналғандар ойларын ортаға салып, келелі пікірлерімен бөлісті.

 

«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі