KZ | RU | ENG

Ауыл» партиясы Еңбек Озаттарын марапаттады

Ауыл» партиясы Еңбек Озаттарын марапаттады
15.12.2017

Бүгін «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен Еңбек Озаттарының Форумы өтті. Еліміздің басты мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілген басқосуға ауыл еңбеккерлері, партия белсенділері және қоғам өмірінің әр салада ұзақ жыл қызмет етіп, елеулі еңбегімен көзге түскен азаматтар қатысты.

         Адал еңбек пен Тәуелсіздік - егіз ұғым. Ел егемендігін баянды ететін әрбір қазақстандықтың адал еңбегі. «Адамды адам еткен – еңбек!» - деп бекер айтылмаса керек. Кез – келген тұлға арманы мен көздеген мақсатына еңбектенудің арқасында жететіні белгілі. Партия Төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, бұл тұрғыда ел дамуы жолында ұзақ жыл тер төккен әрбір еңбек адамының орны бөлек.

- «Еліміздің экономикалық, әлеуметтік салаларында, кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығында өзінің еселі еңбегімен, мемлекетіміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек озаттары құрметке лайық.  Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін еңбек керек. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін, Тәуелсіздік ұғымының маңыздылығын түсініп, оған қызмет етуі тиіс. Біздің мемлекетімізде қазір экономикалық жаңғыру, саяси жаңғыру, рухани жаңғыру сияқты үш үлкен процестерді бастадық. Әсіресе рухани жаңғырудың ел болашағында маңызы зор», - деді Әли Әбдікәрімұлы. Сонымен қатар, Төраға рухани жаңғыру бағытында «Ауыл»  партиясының «Отбасы құндылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізгендігін және фейсбук желісінде рухани құндылықтар айдарының ашылғандығын тілге тиек етті.

         Салтанатты жиын барысында,  әр саласында қажырлы еңбек етіп,  ел дамуына  өзіндік үлес қосқан 6 адам Елбасының Жарлығына сәйкес «Құрмет», «Шапағат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Елбасынының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, 100-ден астам еңбек адамына ведомстволық наградалар табыстады. 

         «Ауыл» партиясының Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы Сәбит Есмұратов «Құрмет» орденінің иегері атанды.  Сәбит Борисұлы білім беру саласында 46 жылдық еңбек еткен. Қызмет жолын ауылшаруашылық саласында ғылыми жұмысшы болып бастап, еңбекқорлығы мен өз ісіне адалдығының арқасында «М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің» ректоры қызметіне дейін көтерілді. 240-тан астам ғылыми еңбектердің авторы. Әлеуметтік-экономикалық бағыттағы зерттеу жұмыстары Қостанай облысының 2000-2005 жылдарға арналған даму жоспарын құруда қолданылған. Жиында сөз алған еңбек адамы қуанышын жасыра алмады. - «Бүгін осындай жоғары марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Мені осы наградаға ұсынған «Ауыл» партиясына алғысым шексіз. Еліміздің ертеңі үшін әлі де еңбек етуге дайынмын», - деді Сәбит Борисұлы.

         Мемлекеттік марапатқа ие болғандар қатарында медицина саласында 49 жыл қажырлы еңбек етіп, өз тәжірибесінде 3000-нан астам ота жасаған хирург Фахриддин Абухаликов, ауыл шаруашылығы саласында 40 жыл еңбек өтілі бар, табысты фермер Рахымберді Айтмырзаев, Солтүстік Қазақстандық шаруа қожалығының басшысы Виктор Мурай және өзге де елеулі еңбегімен көзге түскен азаматтар бар.

         Салтанатты жиын соңында қатысушылар естелікке суретке түсіп, жоғары көңіл күйде тарқасты.  

«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі