KZ | RU | ENG

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсының марапаттау салтанаты өтті

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсының марапаттау салтанаты өтті
12.12.2017

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Әдебиет» порталының бастамасымен ұйымдастырылған «Ауылым - алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған байқау Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағдарламалық мақсаттарды жүзеге асыруды көздейді.    

Естеріңізге салсақ, 2016 жылғы әдеби конкурсқа қатысушылар арасында Дәурен Берікқажы, Есболат Айдабосын, Айжан Тәбәрікқызы және өзге де еліміздің жазба әдебиетінің дарабоздары бақтарын сынап жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын. Өткен жылы қабылданған барлық шығармалар топтастырылып, «Ауыл» партиясының қолдауымен 3 томдық жинақ болып басылып шықты. Туындылар жинағы еліміздің барлық аймақтарындағы кітапханаларға таратылды. 

Салтанатты жиында сөз алған «Ауыл» партиясының Төрағасы Әли Бектаев жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, туған ауылын дамытуға үлес қосу әр азаматтың парызы екендігін атап өтті. «Ауыл біздің руханиятымыздың, мәдениетіміздің, салтымыз бен дәстүріміздің негізі. Ауыл біздің тіліміз бен дініміздің, қазақы болмысымыздың көрінісі. Сондықтан біз оған әрқашан қарыздармыз. Ауыл туралы жазуымыз керек. Көп еңбек сіңіруіміз керек. Себебі, ауылын сүйген адам - отанын сүйеді», - деді партия Төрағасы.

Әли Бектаевтың атап өткеніндей, дәстүрлі әдеби байқаудың ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы конкурсқа елімізден бөлек Қырғызстан, Ресей, Қытай және Моңғолия мемлекеттерінен қандастарымыз туындыларын жіберіп, бақтарын сынады.

Әдеби конкурсқа жиыны 213 қаламгер қатысуға өтініш білдіріп, поэзия, проза, драматургия номинациялары бойынша шығармаларын ұсынды. Оның ішінде проза жанрында 83, драматургия 31, поэзия жанры бойынша 99 туынды келіп түскен. Шығармалар арасынан үздіктерді анықтау белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, драматургтерінен құралған қазылар алқасына жүктелді. Сондай-ақ, биылғы жылғы конкурста Алашорданың 100 жылдығына орай, Алаш қайраткерлері мен алашшыл әдебиет өкілдерінің атына қосымша 10 арнайы  жүлде қарастырылды. Айта кету керек, бірінші орын иегеріне 500 мың теңге, 2 орынға 300 мың теңге, 3 орынға 200 мың теңге көлемінде, сондай-ақ арнайы жүлде иегерлеріне 100 мың теңгеден сыйақы тағайындалған.   

Салтанатты жиында, поэзия жанры бойынша жүлдегерлерді белгілі ақын,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қазылар алқасының мүшесі Маралтай Райымбекұлы марапаттады. Байқау қорытындысына сәйкес, ІІІ-орынды Ерлан Жүніс иеленсе, ІІ-орынға Файзулла Төлтайдың шығармасы лайық деп танылды. І-орынды Ұларбек Нұрғалымұлы жеңіп алды. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлдені Бахытгүл Зарқұмар, Шәкәрім Құдайбергенұлы жүлдесін Өміртай Еділханұлы,  Ғұмар Қараш атындағы жүлдені Ұмтыл Зарыққан және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы жүлде Сұлтан Дәулетханға бұйырды. Марапаттау рәсімі барысында жеңімпаз атанған Ұларбек Нұрғалымұлы «Кертөбел» өлеңін оқып берді. 

Проза жанры бойынша жеңімпаздарды марапаттаған жазушы, филология ғылымдарының кандидаты  Жолтай Әлмашұлы келіп түскен үздік шығармаларға қатысты пікірін білдірді. «Проза жанрындағы шығармаларды оқып отырып, мынадай ойға келдім. Қаламгерлер прозаның тілін таба білген. Әңгіме, хикаяттарды жазу әдісін жоғары меңгергендігі байқалады. Қалай болғанмен де, оқиғаның желісі, оны баяндауы, образды ашып көрсетуі өте жоғары», - деді Жолтай Әлмашұлы. 

Қазылар алқасының шешімімен аталған жанр бойынша, ІІІ орынды - Сәкен Сыбанбай, ІІ орынды - Нұрлан Хавдай және І орынды - Дәурен Қуат жеңіп алды. Арнайы жүлделер бойынша, Міржақып Дулатов атындағы жүлде Қанат Тілеуханұлына, Сұлтанмахмұт Торайғыров жүлдесі Абай Қалшабекке, Тайыр Жомартбаев атындағы арнайы жүлде Әбу-Асқар Мекешұлына бұйырды. 

Драматургия қазақ әдебиетінің ең күрделі салаларының бірі. Қазылар алқасының атап өткеніндей, бұл бағытта қалам тартып жүргендердің ішінде, жастардың да үлесі басым. Өткен жылы драма жанры бойынша 18 шығарма тіркелсе, биыл 31 жұмыс қабылданған екен. Салтанатты шарада драма жанры бойынша үздіктерді жазушы-драматург Роза Мұқанова марапаттады. «Біздің ауылдағы ағайындарымыздың тілі керемет еді. Қазір ондай тіл жоқ. Тіпті қолыңды ағашпен кескендей боласың. Қаламгерлердің, ұлы жазушылардың тәрбиесі мықты. Себебі, олардың ауылында өз көсемдері болды. Солар үлкен қаламгерлердің қалыптасуына себепкер болды. Шын мәнісінде біздің қасиетіміз де, тірегіміз де, киеміз де ауылда. Ауыл тақырыбында драматургия саласында қалам тартқан барлық қатысушыларға ризашылығымды білдіремін. Бұрын драматургия жанры жайлы біле бермейтін. Ауыл партиясының бастамасымен байқау жарияланғаннан кейін қызығушылар саны арта бастады», - деп түйіндеді Роза Қажығалымқызы. 

Байқау қорытындысында, драматургия жанры бойынша жүлделі ІІІ орынды - Қуаныш Қожабайұлы иеленсе, ІІ орын - Заман Төлеуовқа бұйырды. Ал І орынға - Думан Рамазан лайық деп танылды.  

Барлық  жеңімпаздар арасынан ең үздік шығарма иесіне берілетін «Алтын тұғыр» сыйлығы, проза жанрында жеңімпаз атанған Дәурен Қуатқа берілді. Байқаудың бас жүлдесін қазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев  табыстады. 

Салтанатты кеш барысында, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Жеңіс Ысқақова және Қазақ Ұлттық Өнер университетінің өнерпаз жастары әннен шашу шашып, жиналғандарға тамаша көңіл күй сыйлады.

         

"Ауыл" ХДПП Баспасөз қызметі