KZ | RU | ENG

Азық-түлік қауіпсіздігі - әлеуметтік тұрақтылық факторы

Азық-түлік қауіпсіздігі - әлеуметтік тұрақтылық факторы
04.12.2017

«Ауыл» ХДПП Алматы қаласы бойынша филиалының ұйымдастырумен  «Азық-түлік қауіпсіздігі - әлеуметтік тұрақтылық факторы» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуға «Ауыл» партиясы Төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықов, партияның Алматы филиалы бойынша  Саяси кеңесінің мүшелері, аграрлық ғылым және қоғамдық ұйым өкілдері, заңгерлер мен сарапшылар қатысты.

Филиал төрағасы Абдулла Сапаров жиналғандарды дөңгелек үстелдің тақырыбымен таныстырып, мақсаты мен міндетіне тоқталды.  

Жиында сөз алған Төлеген Сыдықов «Ауыл» айтуынша, аталған тақырыптың қоғамдағы өзектілігі еш күмән туғызбайды. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ел тұрақтылығында маңызды рөл атқарады. Елімізде азық-түлік мәселесін шешіп, халықты қажетті өнімдермен қамтамасыз етуде тиісті жағдайлар жасалуда. Біздегі табиғи және ландшафтық жағдайдың қолайлы болуы аталған мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

         Дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді жетілдіріп, жаңғырту шаралары еліміздің экономикасын одан әрі дамытуға септігін тигізетіндігін атап өтті. Жиынға қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тоқтала келе, импорт көлемін азайту қажеттігі жайлы айтты. Ең алдымен сырттан тасымалданатын көкөністер, жеміс-жидектер мен макарон өнімдерін азайту керек.

         Басқосу барысында «тұтыну корзинасы» жайлы айтылды. Ол Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес болуы шарт. Сондай-ақ, Агроөнеркәсіптік кешеннің ғылыми-зерттеу институтының өкілдері  саладағы өзге де мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы ойларымен бөлісіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ғылымның рөлі жайлы айтты.

         Азық-түлік өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының өкілі М.Велямов импорттық өнімдерге бақылаудың төмен екендігін жеткізді. Ондай өнімдер адам денсаулығына зиян болуы мүмкін.

         Дөңгелек үстелге қатысушылар АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 13 жол картасын талқылады. Маңызды құжатта көрсетілген міндеттер аграрлық саладағы кейбір түйткілдері кәсіби тұрғыда оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартып, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

         Шара қорытындысында, «Ауыл» партиясы Төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықовтың ұсынысымен дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірлері мен келелі ұсыныстары әзірленіп, партияның Орталық  аппаратына жолдау жөнінде шешім қабылданды. 

"Ауыл" ХДПП Баспасөз қызметі