KZ | RU | ENG

АӨК дамыту Карталарын талқылауға арналған онлайн-конференция өтті

 АӨК дамыту Карталарын талқылауға арналған онлайн-конференция өтті
25.11.2017

Агро­өнер­кәсіптік кешенді мемлекеттік қол­дауды жетілдіру, сондай-ақ 2017-2021 жыл­­дарға арналған агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытудың мемлекеттік бағдар­­ламасын іске асыру мақсатында, Ауыл шаруашылығы министрлігі жол Карталарын әзірлеген болатын.

         Аграрлық саланың басым бағыттарын жетілдіріп, дамытуға негізделген жол Картасын «Ауыл» партиясы алаңында талқылау мақсатында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп онлайн-конференция өткізді. Басқосуға ҚР Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» ХДПП Төрағасы Әли Бектаев, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов, құзырлы министрлік мамандары, «Ауыл» партиясының саяси кеңес мүшелері, партия филиалдарының басшылары мен мүшелері және әр аймақтардағы, жергілікті-жерлердегі ауыл шаруашылық тауар өндірушілері, ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

         Мәжілісті «Ауыл» партиясының Төрағасы Әли Әбдікәрімұлы жүргізді. Халық қалаулысы жол карталарымен таныстыру үшін сөз кезегін вице-министр Қайрат Қаппарұлына берді. Бағдарламаның басты мақсаты - ауыл шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге көтеріп, кенжелеп қалған тұстарын қайта жандандыру, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, саланың экспорттық ахуалын арттыру. Вице-министр құжаттың әр саласына жеке-жеке тоқталып, оның ауыл шаруашылығын дамытудағы маңыздылығы жайлы баяндады.  

Мәселен, Аграрлық қайта өңдеу сала­сын дамыту картасы ағымдағы жылдың 25 шілдесінде қабылданған. Бүгінде оны жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Аталған бөлімде импорт үлесінің жоға­ры­лығы мен  шикізаттық әлеуетті ескеріле отырып 435 кә­­сіпорынға қатысты қайта өңдеудің 9 түрі айқындалған. Яғни, 9 бағыт бойынша ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеудің тиімсіз тұстары анықталған екен.  Сонымен қатар, картаға сәйкес, «79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту міндеті қарастырылған», - деді ауыл шаруашылық вице-министрі. Егер бұл шара жүзеге асқан жағдайда өңделген өнімдердің жалпы табысын қазіргі 1,9 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігі туады.      

Бұдан бөлек Қайрат Қаппарұлы техникалық қайта жарақтау картасына тереңірек тоқталып өтті. Айтуынша, бүгінгі күні шаруашылықтағы тракторлардың 65% -ы және астық жинайтын комбайндардың 46% -ының қолданысқа берілгеніне 17 жылдан асқан.  Сонымен қатар, тракторлардың 20% жұмыс істемейді, ал 26% -ы есептен шығарылуға жатады. Комбайндарда да дәл осындай жағдай. Агроөнеркәсіптік кеше­нді техникалық қайта жарақ­тан­ды­ру картасы осы мәселені оңтайландыруға негізделген.     
         Министрдің бірінші орынбасары, бұдан бөлек еліміздегі астық сапасының төмендеуі мәселесі жайлы ойын білдірді. Елімізде тұқым шаруашылығы Картасында субсидиялау механизмін жетілдіріп, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу керек, - деді Қайрат Қаппарұлы. 

Жиын барысында картаның өзге де салалары кеңінен сараланып, талқыланды.

Онлайн режимінде өткен шараның бір артықшылығы – еліміздің түкпір-түкпірінен қатысып отырған ауыл шаруашылығының әр деңгейдегі өкілдері толғандырған сұрақтарын тікелей жолдауға мүмкіндік алды.  Сонымен қатар, ұсыныстарын айтып, ой-пікірлерімен бөлісті. 

Қарағанды өңірінің атынан сөз алған ауыл шаруашылық саласында ардагері, «Ауыл» партиясының мүшесі  Темірболат Мәжитов қой шаруашылығы мәселесін көтерді. Айтуынша, Тәуелсіздік жылдары елімізде қойдың саны 35 млн болса, бүгінде 18 млн. Яғни, екі есе азайған. «Біз жүн өңдейтін фабрикалар жұмысын жолға қоймасақ, қойдың саны төмендей береді. Картада республика бойынша 37 мың тонна жүн өндірісі көзделген. Алайда, оның 10 пайызын өндіруге қауқарымыз бар. Жүннің бағасы да өте арзан. Келешекте жүн өңдейтін фабрикаларды жолға қойып, көбейтетін болсақ, қойдың саны едәуір артар еді», - дейді ауыл шаруашылығы ардагері.

Қайрат Қаппарұлының келтіргеніндей, бүгінде жүн өндірісіне ерекше көңіл бөлінуде. Елімізде 37 мың тонна жүн өндіріледі. Бұл көрсеткіш картада нақты көрсетілген. Жүн өндірісін арттыру мақсатында Оңтүстік пен Алматы облыстарында арнайы фабрика салу жоспарланып отырған көрінеді.  

Қостанай облысынан техникалық қайта жарақтау картасына қатысты сауал жолданды. «АгротехСервис» өндіруші кәсіпорнының басшысы Александр Борзенковтың айтуынша, ол басқаратын кәсіпорын жем-шөп өндіретін технологиялар құрастырады. Тауарлары елімізден бөлек Ресей, Қырғызстан елдеріне экспортталады. Кәсіпорындарды Отандық өніммен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орындарына қандай  несиелік жеңілдіктер қарастырылған? - деп сауалын жеткізді.

Вице-министр көтеріліп отырған мәселенің ауқымы жоғары екендігін атап өтті. «Отандық өнімдер қашанда жоғары сұранысқа ие. Сондықтан аталған бастаманы инвест-субсидиялау бағдарламасына енгізіп, министрлік деңгейінде қарайтын боламыз», - деді Қайрат Қаппарұлы. Ол үшін кәсіпорын алдымен шығаратын өнімдерінің тізімін министрлікке жолдау қажет. 

Онлайн-конференция барысында өңірлердегі жайылымдар алаңының азайғандығы, суармалы жер мәселесі, егістік көлемін ұлғайту, азық-түлік пен көкөніс бағасының тұрақтылығын қадағалау, өңірлік кооперацияларды дамыту, оларға мемлекеттік жеңілдіктер қарастыру және өзге де көптеген мәселелер төңірегінде сауалдар қойылып, шаруалар көкейкесті сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. 

Жол Картасына және шаруашылықты дамытуға қатысты ұсыныстарды «Ауыл» партиясының Орталық аппаратына жазбаша түрде жіберу керектігі айтылды. Жолданған ұсыныстар министрлік деңгейінде қаралып, тиісті шаралар қолданылатын болады, - деді құзырлы министрлік өкілдері.

         Онлайн-конференцияға жиыны 400-ге жуық адам қатысты. Жиын қорытындысында Әли Әбдікәрімұлы барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, партияның аймақтың филиалдарына картаны түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырма берді.  Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелер болашақта да, «Ауыл» партиясының пікір алмасу алаңында талқыланатын болады.  


"Ауыл" ХДПП Баспасөз қызметі