KZ | RU | ENG

«ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖАҢҒЫРУ»

«ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖАҢҒЫРУ»
31.10.2017

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы  Жалпыұлттық Республикалық «Егемен Қазақстан» газетімен бірлесе отырып  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы белгіленген мақсаттардың аясында «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты - қазіргі қоғамдағы  дәстүрлі отбасы құндылықтарының маңызын талқылап, мамандар мен ғалымдардың сараптамасы негізінде республика көлемінде  қоғамдық - әлеуметтік бастама көтеру.

          Елбасы Н.Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» - деп атап көрсетті. Қоғам өміріне етене араласқан әр азамат ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтары мәселесінде де осы идеяларды басшылыққа алуға тиіс деген пікірдеміз. Әр бала өз бойындағы мінезі мен қасиеттерін,  ұлттық рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілікті ең алдымен отбасында,  ата - ананың тәрбиесімен сіңіретіні анық. Ұлттық тәрбие және еліміздің ежелден сақталып келе жатқан отбасына қатысты құндылықтары - ұлт болып ұйысудың, ел болып, ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ. Дөңгелек үстелде отбасы құндылықтарының қоғам өміріндегі рөлі талқыға салынып, сараланды. Ата-анаға,  үлкенге, қыз балаға деген құрмет, көршіге деген сыйластық қарым-қатынас отбасы құндылықтарының бастауы екені анық. Өкінішке орай дәстүрлі отбасы институтының дағдарысқа ұшырап, ажырасу көрсеткіштерінің жыл сайын артып, осынау бейбіт заманда жесір әйелдің, жетім баланың, тастанды балалардың көбейіп, балалары бола тұра қарттар үйіне ата-анасын өткізу сияқты келеңсіз фактілердің белең алуы қазіргі қоғам үщін өте өзекті мәселеге айналғаны ақиқат. Қоғамдық сананың жаңғыруы – отбасыдағы тәрбиеден басталуы керек. Отбасындағы ынтымақ пен татулық мемлекетіміздегі жасампаз бірлік пен бейбітшілікті нығайтып, халқымыздың бойындағы адамгершілік, меймандостық, жомарттық сияқты дәстүрлі құндылықтар, ел ішіндегі татулыққа негіз болуы шарт.

         Отбасы құндылықтарын мейлінше дамыту үшін, көп балалы аналарға мүмкіндігінше жағдай жасауға, құрылған отбасыларды сақтауға ел болып, қоғам болып атсалысу қажет. Мемлекет деңгейінде шаралар қабылдануы тиіс.

         Дөңгелек үстел отырысында осы және басқа да мәселелер талқыланып, ой-пікірлер ортаға салынды. Аталмыш дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша келелі ұсыныстар дайындалып, ҚР Үкіметіне жолданатын болады.

         Дөңгелек үстелдің барысында тарих тәжірибесінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен отбасына қатысты құндылықтардың тарихи - этнологиялық негіздеріне зер салып,  қоғамдық - әлеуметтік аспектілерін бағамдап, қайшылықтар мен олардың шешім жолдарын талқыға салынды. «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» атты дөңгелек үстеліне елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, әлеуметтанушы, психолог ғалымдар, құзырлы министрліктердің мамандары мен өкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.