KZ | RU | ENG

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ!

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ!
26.10.2017

26 қазан күні Парламент Сенатының отырысында Сенат депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Әбдікәрімұлы Бектаев еліміздің әлеуметтік-медициналық мекемелеріндегі орта және кіші қызметкерлердің жалақысын көтеру жайлы мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Б.Ә.Сағынтаевтың атына  депутаттық сауал жолдады.

Халық қалаулысының маңызды мәселелерді өзек еткен сауалының қысқартылған мәтінін оқырмандар назарына  ұсынып  отырмыз.

 

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

 

Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласына қарасты әлеуметтік-медициналық мекемелерде 8434, білім беру саласындағы арнайы интернаттарда 6050, денсаулық сақтау мекемелерінде 194089 орта және кіші сатыдағы қызметшілер жұмыс істейді. Олардың көпшілігі негізінен ауыр науқастармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, жүйке ауруына, психо-неврологиялық аурулардың ауыр түріне шалдыққандармен, жеке басты қарттармен және туылған кезінен мүгедек балалармен айналысып, оларға медициналық және санитарлық қызметтер көрсетеді.

Өкінішке орай, осы салада күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандардың, нақтырақ айтатын болсақ тәрбиешілердің, медбикелердің, фельдшерлердің, санитарлардың, басқа да тазалықты қамтамасыз етіп жүрген техникалық жұмыскерлердің  бүгінгі таңда алатын жалақылары өте төмен. Мысалы әлеуметтік қолдау саласына қарасты медициналық-әлеуметтік мекемелердегі жалғыз басты қарттармен жұмыс істейтін жоғарғы білімді  медбикелер  59232 теңге жалақы алады, ал орта білімі бар медбикелерге 49300 теңге ғана айлық төленеді. 18 жастан асқан психо-неврологиялық аурулармен жұмыс істейтін медбикелердің жалақысы 61000 теңге,                            4 разрядтағы санитардікі 43-45 мың теңге ғана.

Білім беру саласына қарасты арнайы әлеуметтік интернаттарда мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет жасайтын, категориясы жоқ мұғалімдер мен дәрігерлерге  56170 теңге, санитарлар мен техникалық қызметшілерге 55533 теңгенің көлемінде ғана жалақы белгіленген.

Денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет ететін медбикелер қызмет өтіліне қарай 43900 ден 72700 теңгеге дейін, ал санитарлар 50 мың теңгеге дейін ғана жалақы алады.

Көрсетілген жалақы мөлшері ресми түрде бекітілген, штаттық кестеге сәйкес қойылған еңбек ақы болып есептеледі. Одан табыс салығы, әлеуметтік салық сияқты түрлі заңды төлемдерді алып тастаса қызметшілердің қолына  тиетін нақты  қаржының  мөлшері  әлдеқайда  төмен  болатындығы белгілі. Оның үстіне жалақысы төмен қызметшілердің арасында кадр алмасу өте жоғары , істеп жатқан орта және  кіші буын мамандардың көпшілігінің білімі орта, категориясы жоқ, еңбек өтілі аз. Бүгінгі таңда аталмыш әлеуметтік және медициналық қызметкерлердің 50%-ның еңбек өтілі 1-2 жылды ғана құрайды. Кадр ауысудың жиілігіне байланысты орта және кіші сатыдағы қызметкерлердің орта жалақысы әр өңірде әртүрлі. Мысалы медицина мекемелерінде жұмыс жасайтын санитарлар мен техникалық қызметкерлердің орта жалақысы Маңғыстау облысында 54880 теңге, Қостанай облысында 45929 теңге, Шығыс Қазақстан облысында 43721 теңге, ал Солтүстік Қазақстанда тіпті 32900 теңге ғана болып келеді. Аталмыш қызметшілердің қызметте тұрақтамауының негізгі себебі де төменгі жалақы мен жұмыстың ауырлығы. Көптеген ата-аналар өздерінің мүмкіндігі шектеулі балаларының, психо-неврологиялық ауруға шалдыққан жақындарының үдесінен шыға алмай, оларға қарауға да, бағып-қағуға да шамасы келмей арнайы мекемелерге өткізіп жатады.  Шынында да бұл ауыр тауқымет. Сол мекемелерде ауруларға күндіз-түні қарайтындар да, тамақтандыратындар да, жуындырып-киіндіретіндер де, олардың бар қылығын көтеретіндер де тәрбиешілер, медбикелер мен санитарлар. Сондықтанда еліміздегі барлық медициналық әлеуметтік мекемелердегі орта және кіші буын қызметкерлерге жалақы тағайындау тәртібін түбегейлі қайта қарау керек. Олардың біліміне, категориясына емес, атқаратын жұмысының күрделілігіне, ауырлығына, ерекшелігіне қарай еңбекақы тағайындалуы тиіс деп есептеймін.

Осының бәрін ескере отырып, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандар мен қызметшілердің еңбек ақысын кемінде 2 есеге көтеру қажет деп есептейміз. Осы салаларда еңбек етіп, бар тауқыметті көтеріп жүрген 200 мыңнан астам орта және кіші буын қызметшілердің жалақысына тағы да 50 мың теңгеден қосылғанда шамамен 10 млрд. теңгенің көлемінде қаражат қажет. Бұған біздің мемлекетіміздің саясаты да тура келеді, мүмкіндігі де жетеді. Себебі сол қызметкерлердің басым көпшілігі қыз-келіншектер мен аналар. Бұл мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, шешілу жолдарын қарастыруды сұраймын.