KZ | RU | ENG

«ПОЭЗИЯ, ПРОЗА, ДРАМА» 3 ТОМДЫҚ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

«ПОЭЗИЯ, ПРОЗА, ДРАМА» 3 ТОМДЫҚ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
23.06.2017

2017 жылдың 23 маусым күні Астана қаласында ҚР Ұлттық  музейінде «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен ауыл тақыбырына арналған жас ақын-жазушылар арасындағы «Ауылым – алтын  тұғырым» әдеби конкурсына қатысқан ақын-жазушылардың шығармаларын топтастырып, «Поэзия, проза, драма» жанрлары бойынша шығарылған 3 томдық кітаптың тұсаукесері өтті.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жер тақырыбына аса үлкен мән беріп: Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі, -деп айтып өткен болатын. Осы мақаланың аясында бүгінгі іс-шара өткізілді.

Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, драматургтер, министірліктердің өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Шығармалары жинаққа енген кітап ақын-жазушыларға сыйға тартылды.

Партия төрағасы Әли Бектаев «Ұйымдастырылған конкурс шығармашылық деңгейден шығып, халықтың әлеуметтік-рухани жағдайын бейнелейтін ерекше құбылысқа айналды. Мұндай әдеби байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Сонымен қатар осы сайысқа келіп түскен шығармалардың барлығы жинақталып, проза, поэзия және драматургия жанрлары бойынша бөлек кітап болып, бастырылып шығарылғанын айтып өтті. 

Әдеби конкурсты «Ауыл» партиясы ҚазКонтент» АҚ-ның «Әдебиет» порталымен бірлесіп Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырған еді.

«Ауылым-алтын тұғырым» конкурсына шығармалар 1 жыл бойы қабылданды. Әдеби-онлайн конкурсына барлығы 219 шығарма келіп түскен. Оның ішінде 18 шығарма драматургия жанры бойынша, 79 туынды проза  жанры бойынша, және 122 еңбек поэзия жанры бойынша тіркелген. Сонымен қатар үздік туындылар арасынан сарапталып, ең үздік шығармаға «Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі тағайындалды.

Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн-конкурсы  биыл да өз жалғасын тапты. Күн сайын жаңа шығармалар келіп түсуде. Биылғы конкурстың да қорытындысы ел тәуелсіздігі күнінің алдында шығарылып, ондағы шығармалар жинағы тағы да 3 томдық болып басылатын болады. «Ауыл» партиясы бұл әдеби конкурсты дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыратын болады.