KZ | RU | ENG

ЖҰМЫЛА АТҚАРАР ЕЛДІК МІНДЕТ

ЖҰМЫЛА АТҚАРАР ЕЛДІК МІНДЕТ
14.04.2017

Ауыл партиясының Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласында көтерілген мәселерді қолдайтындығы туралы  мәлімдемесі

(13.04.2017 ж.)

 

Жұмыла атқарар елдік міндет

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы көтерілген мәселелердің тарихи маңыздылығына қарап мұны рухани жаңғырудың тұтас бағдарламасы деу керек.

Біз тәуелсіздік жылдары саяси, экономикалық жаңғыруларды  жүзеге асырып келдік. Енді жаңа міндет таптаурын дүниетанымнан арылып, рухани жаңғыруға келіп отырмыз. Осы орайда Елбасы «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы» керек дейді.

Рухани жаңғыруда ұлттық тарихымыз бен дәстүрлеріміздегі асыл құндылықтарымызды жаңғыртуымыз керек екені анық.  Елбасы «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды» деп отыр. Сонымен қоса алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек екеніне тоқталады. Яғни, озығын алып, тозығын тастау. Ұлттық сана-сезімді оятып, рухани ұстынымызды жаңғырту рухани жаңғырудың бір арнасы болмақ.

Рухани жаңғырудың екінші арнасы ол – әлемдегі көш бастаушы елдердің озық жетістіктерін елімізге әкеліп, әлемдік даму үрдісінен өз орынымызды табу. «Ұлттық бірегейлік» және «Сананың ашықтығы»  бұл рухани жаңғыруымыздың негізгі екі өзегі болып табылмақ. Ұлттық бірегейлік ол қайталанбайтын ұлттық дәстүр-салттарымыз арқылы қалыптасқан  асыл құндылықтарымызды сақтап қалу. Сананың ашықтығы бізді ғаламдық үрдістен, дамудан өз үлесімізді алуға бастамақ. Ол үшін әлемдік тілдерді игеруге ұмытылудың маңызы зор.

        Елбасы мақаласында таяу арада атқарылуы керек нақты алты міндетті көрсетіп берген. Соның бірі – Латын әліпбиіне көшу. Осы орайда қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы жасалмақ.  Мұның еліміз үшін бірнеше оңтайлы тұстары бар. Латын әрпі бізге интернет, технологиялық инновацияларды пайдалануда өте тиімді болмақ.

Рухани жаңғыруда әсіресе, гуманитарлық ғылымдардың рөлі зор. Дүниетанымды өзгерту немесе қалыптастыруда білім беру жүйесінің алатын орыны ерекше.  Осыған орай гуманитарлық ғылымдарды дамытуда  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға  алуды тапсырып отыр. Бұл таяу арада орындалуы тиіс екінші басты міндет. Аталмыш міндетті жүзеге асыру еліміздің әлемдік стандартқа нәтижелі түрде өтуіне серпіліс бермек.

Үшінші басты міндет «Туған жер» бағдарламасын қолға алумен байланысты. Бұл қасиетті туған жерімізге, отанымызға деген жаңа патриоттық сана қалыптастыруда маңызы ерекше шешім болып отыр.

Төртінші міндет «Қазақстанның қасиетті құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасаумен байланысты. Бұл ішкі туризмнің дамуына, жас ұрпақтың елін жерін танып, оған деген сүйіспеншілігінің қалыптасуына зор ықпал ететіні сөзсіз.

Кез-келген ғаламдық өркениет белгілі бір ұлттың негізінде қалыптасатыны анық. Рухани жаңғыруда ұлттық бірегейлігімізді күшейту үшін мәдениетті дамытудың маңызы зор. Біз әлемге ерекше ұлт ретінде тек экономикалық реформалар мен сыртқы саясаттағы тың бастамаларымыз арқылы ғана емес, мәдениетіміз арқылы  танылуымыз керек. Осы орайда бесінші басты міндет ретінде Президент «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын қолға алу мәселесін көтеріп отыр. Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасы еліміздің ұлттық ерекшелігін әлемге танытуда маңызы зор болмақ.

        Алтыншы міндет тәуелсіздікпен бірге еліміздің дамуына үлесін қосып жүрген дарынды тұлғаларды елге танытуды мақсат ететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асырумен байланысты. Мәдениетті жасайтын тұлғалар болғандықтан оларды елге таныту, біздің елдік сипатымызға жаңаша өң бермек.   

        Тұтастай алғанда рухани жаңғыру жайлы Елбасының көтеріп отырған идеялары, анықтап берген міндеттері еліміздің дамуына алдағы уақытта өзгеше рең берері анық. Бұл қоғамда айтылып жүрген көптеген мәселелердің жауабы болды десек артық айтқандық емес. Сондықтан тәуелсіздігіміздің мәңгілігі, қазақ елінің мәңгілігі үшін жасалып отырған осы бір маңызды қадамды жүзеге асыруда қоғамдық бірлестіктер, оқу ордалары, саяси партиялар, партиялар коалициясы жұмыла жұмыс жасауы қажет. Бұл елдің болашағы үшін жасалып отырған маңызды тарихи шешім деп ойлаймыз. Ауыл партиясы Елбасының бұл бастамасын толық қолдайды және барша қазақстандықтарды рухани жаңғыру жоспарын жүзеге асыруда жұмыла ат салысуға шақырады.

 

«Ауыл» ХДПП» ҚБ президиумы