KZ | RU | ENG

ҚҰРАМЫНДА ГМО БАР ШЕТЕЛДІК ӨНІМДЕР АДАМ ӨМІРІНЕ ҚАУІПТІ

ҚҰРАМЫНДА ГМО БАР ШЕТЕЛДІК ӨНІМДЕР АДАМ ӨМІРІНЕ ҚАУІПТІ
29.03.2017

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Құрамында ГМО бар шетелдік өнімдер адам өміріне қауіпті. Бұл пікірді бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісінің таңдауы  ГМО-дан ада өмір» атты «дөңгелек үстел» барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өздеріңізге белгілі, экологиялық таза өнім дегеніміз - таза жерде, минералдық тыңайтқышсыз, пестицидтер мен өзге де техногенді қоспасыз, не болмаса таза шикізаттан заманауи технологиямен өндірілген, ешбір артық қоспасыз алынған өнім. Экологиялық таза азық-түліктің құрамында гендік модификацияланған ағзалар, синтетикалық консерванттар, жасанды дәмдеуіштер мен хош иістендіргіштер, химиялық тыңайтқыштар, құрт түсуге қарсы дәрі-дәрмектер болмайды, сондықтан дәмі де таза болады. Органикалық негізде өсірілген өнім - қашанда пайдалы. Көкөніс пен жеміс-жидектің қауіпсіз және пайдалы болуын Табиғат-Ананың өзі қамтамасыз етіп қойғандай. Неғұрлым сыртқы ықпал аз болса - соғұрлым пайдасы сақталады», - деді ол. Оның айтуынша, құрамында ГМО бар таяу және алыс шет елдерден әкелінетін өнімдер адам өмірі үшін қауіпті. «Құрамында ГМО бар өнімдер өнім қорабында ГМО-ның бар екендігін көрсетуді міндеттейін заңның болғандығына қарамастан қазақстандық нарыққа еркін енуде. Бұл ГМО-ны анықтауға арналған арнайы зертханалардың жеткіліксіздігінен орын алуда. Ал ең басты қауіп азық-түлікпен қатар ГМО-ны қолдану технологиясы - тұқым, тыңайтыш,  химикаттар түрінде әкелініп жатыр. Ал бұл жағдайда топырағымыздың залалданатындығы түсінікті жайт. Бұл адам өміріне өте қауіпті», - деді Әли Бектаев. Айта кетейік, ГМО-ға қатысты ең либералды заң АҚШ-та қолданылады. Еуроодақ құрамындағы елдерде ГМО компоненттері қосылған азық-түліктерді өндіруге және импорттауға қатаң шектеулер қойылған. Ережеге сәйкес, құрамындағы ГМО-қоспасы 0,9 пайыздан асқан барлық өнімді маркерлеу керек. 2004 жылы Еуроодақ 4 жасқа дейінгі балалардың тағамына ГМО қосуға тыйым салды. Франция, Италия және Греция елдерінде ГМО қоспасы бар кез келген азық-түліктің сыртына тайға таңба басқандай жазып қою  талап етіледі. Жаңа Зеландия мен Африканың көптеген елдерінде ГМО-сы бар өнімдерге мораторий жарияланған. Қытай мен Үндістанда да ГМО азық-түлігін қолдануға белгілі шектеулер бар.