KZ | RU | ENG

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ «ӨЗ ТАЛЫҢДЫ ОТЫРҒЫЗ!» АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ «ӨЗ ТАЛЫҢДЫ ОТЫРҒЫЗ!» АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ
20.03.2017

       Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Ауыл» ХДПП «Өз талыңды отырғыз!» ұранымен еліміз тұрғындарын ағаш отырғызуға шақырады. Өзге партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелер мен еліміздің тұрғындары партия  бастамасын қолдайды деген үміт бар. «Ауыл» ХДПП Қоғамдық бірлестігі қазақстандықтардың  таза жерде өмір сүріп, таза ауамен тыныстағанын қалайды. Бой түзеп келе жатқан ұрпағымыздың дені сау болып, өнегелі істен тәрбие алғанын көксейді. «Өз талыңды отырғыз!» акциясы бүгін Тараз қаласынан бастау алды. Жамбыл даңғылының бойында орналасқан "Тараз" қонақ үйінің алдында 100 ақ қайың ағашы отырғызылды. Іс-шараға қала тұрғындары, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысты. Алдағы уақытта «Өз талыңды отырғыз» шарасы күн райының қолайлы сәтіне орай республикамыздың барлық өңірінде жалғасын табатын болады. 

 

 

«Ауыл» ХДПП» ҚБ Жамбыл облысындағы филиалының мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, саяси партиялар мен Қазақстан тұрғындарына

ҮНДЕУІ

 

«Егер әрбір адам өз туған күнінде, немесе туған күні құрметіне ағаш отырғызатын болса, елімізде жыл сайын 18 миллион түп ағаш пайда болар еді», - бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі.

Егер Нұрсұлтан Әбішұлының сөзін әр азамат бұлжытпай орындайтын болса, расында қанша ағаш отырғызылар екен деген сауал «Ауыл» партиясын бей-жай қалдырмай отыр. Ал осынау сауапты істі отбасыңызбен, әріптестеріңізбен, не өзіңіздің тұрғылықты үйдегі көршілеріңізбен бірге жүзеге асырсаңыз – өзіңізге жақын адамдардың игілікті іс жасауына түрткі болар едіңіз. «Ағаш отырғызған адам – достыққа да адал» деген нақыл сөз бар. Жақсы адамдардың жанында, бір сәт қаланың қайнаған тіршілігінен қол үзіп, жермен, табиғат анамен тілдесудің өзі неге тұрады.

Наурыздың 21-і - Наурыз тойының бастау алатын күні, БҰҰ Бас Ассамблеясының 2012 жылдың 21 желтоқсанында  бекіткен құжаты бойынша - халықаралық орманды қорғау күні. Айтулы датаның мақсаты орман-тоғайдың адамзатқа маңыздылығы мен оны қорғаудың қажеттілігін еске салу. Бүгінде орман мен оның байлығын сақтау – күллі әлем алдында тұрған күрмеулі мәселе. Егер Қазақстанның әрбір естияр азаматы сол күні кемінде бір ағаштан отырғызар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Күн райы ерте жылитын оңтүстік өңірі тура сол күні игі істі қолға алса, қары ерімеген солтүстік аумақтар күн жылыған уақытта жүзеге асыра жатады. Әрбір адам ағашты отырғызар орнын өзі таңдасын. Мейлі есігінің алды, өзен-көлдің жағасы, қала шетіндегі саябағы болсын, әйтеуір еліміздің көгалдануына өзіне ет жақын адамдармен бірге үлесін қосса болғаны.

«Ауыл» ХДПП ҚБ» ағаш отырғызу науқанын «Өз талыңды отырғыз» ұранымен өткізуді ұсынады. Өзге партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелер мен еліміздің тұрғындары біздің бастамамызды қолдайды деп үміттенеміз. Біздің ұйым еліміздің  таза жерде өмір сүріп, таза ауамен тыныстағанын қалайды. Бой түзеп келе жатқан ұрпағымыздың дені сау болып, өнегелі істен тәрбие алса екен дейміз.