KZ | RU | ENG

КООПЕРАТИВТЕРГЕ БІРІГУДІҢ ТИІМДІЛІГІ

КООПЕРАТИВТЕРГЕ БІРІГУДІҢ ТИІМДІЛІГІ
01.03.2017

«Ауыл» партиясы Елбасы Н. Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бəсекеге қабілеттілік" Жолдауын насихаттау жөніндегі жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін Астанада партия төрағасы Әли Бектаевтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Оған Партия мүшелері, кәсіпкерлер, жазушылар, ғылыми қызметкерлер және болашақ ауылшаруашылығы мамандары қатысты. «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 72 пайызы жеке қожалықтарда өндіріледі. Жеке қожалықтарды қолдай отырып, ауыл шаруашылығы өнімін көбейтуге мүмкіндік аламыз. Бұл ретте кооперацияларды дамыту – өте маңызды»,-деді партия төрағасы Ә.Бектаев.

«Бүгінде ауылдардың дамуына кедергі болатын басты мәселе – жас мамандардың тапшылығы. Елді мекендерде әкімшілік мекемелердегі санаулы қызмет бабынан өзге жұмыс орындары жоқ. Жолдауда айтылғандай, егер жеке шаруа қожалықтары кооперативтерге бірігіп ірілеген қожалықтарға айналса, жастарға да жұмыс табылар еді»,-деп кооперативтерге бірігудің тағы бір ұтымды тұсына тоқталды Ауыл партиясы Астана қаласы, Сарыарқа ауданы бойынша филиалының төрағасы Қайрат Жақыпов.

Өз кезегінде жастардың атынан сөйлеген Аграрлық университеттің төртінші курс студенті Айдос Амангелді, кооперативтерге бірігудің тиімділігін қарапайым мысалдармен түсіндірді. «Шаруа өзі өндірген тауарын сатамын деп бас қатырмауы керек. Ауылдан 60 теңгеден сатып алынған жұмыртқа қалаға жеткенше делдалдардың «арқасында» 200 теңгенің үстіне бір-ақ шарықтайды. Кооперативтер құрылса, делдалдар болмас еді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағалары тұрақталар еді»,-деді.

Дөңгелек үстелге қатысқандар жолдаудың тармақтарына тоқтала отырып, өзге де келелі мәселелерді кеңінен талқылады.