KZ | RU | ENG

«Ауыл» ХДПП-ның қазақстандықтарға үндеуі республикалық "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды

«Ауыл» ХДПП-ның қазақстандықтарға үндеуі республикалық
29.12.2015

Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қазақстандықтарға үндеуі

Құрметті қазақстандықтар!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздің тәуелсіздік жылдарында өз тарихында бұрын-соңды жетпеген жетістіктерге жетіп, биіктерге көтерілгендігін атап өтті.

Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің экономикасы дамыды, әлеуеті артты, кәсіпкерлік өрістеп, ортамыздан бай-қуатты, тіршілігі өрге өрлеген азаматтар пайда болды. Елбасы айтқандай: «Мемлекетіміз соның барлығына жағдай жасады». Ал енді, қазіргі қиын-қыстау заманда, әлемдегі қаржы дағдарысының өршіген кезеңінде, туған елге нақты қызмет жасап, дамуына үлес қосатын кез келді ғой деп есептейміз.

Осының бәрін ескере отырып, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың барлық бақуат азаматтар мен кәсіпкерлерге, жалпы қазақстандықтарға жасаған үндеуіне үн қоса отырып, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы «Ауылым – алтын бесігім» атты бастаманы ортаға салып отыр.

Бастаманың негізгі мақсаты 2016 жылдың көлемінде кәсіпкерлер мен қызметкерлерді, зиялы қауым өкілдерін, бұқаралық ақпарат құралдарын еліміздің алтын бесігі – ауыл проблемаларын шешуге атсалысуға шақыру, ауыл туралы жаңа шығармалар жазып, туындылар шығаруға үндеу болып табылады.

Әрбір жүрегі «елім» деп соққан адамның өзінің алтын бесігі ауылына, туған жеріне деген ерекше патриоттық сезімі болатыны сөзсіз.

Өзіміз төл тумасы болып табылатын ауылға деген сезім – рақымшылдықпен, ша­па­ғатпен қатар, халқымыздың әлеуметтік дең­гейін дамытуға ортақ жауапкершілік сезі­мін дамыту, әрбір отандасымыздың жар­қын болашаққа деген үмітін арттыру тәрізді өрелі сана туғызуға тікелей байланысты.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 24 жыл болды. Мемлекетіміз көптеген жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырды.

Халқымыз үшін Ұлы Дала дегеніміз – туған жер, туған ауыл. Демек, мемлекеттің тірегі, іргетасы да – ауылда, тамырымыз да – ауылда. Осындай кеңпейілді, дархан көңіл халық тұратын ауылымыздың мәртебесін көтеру – әрбір саналы азаматтың парызы деп білеміз!

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жол­дауында еліміздің әлеуеті жоғары азаматтарына: «Мем­лекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жаса­ды. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үл­кен жауапкершілік артылады», деп атап өтті.

Біз кәсіпкерлерді ауылдың инфра­құ­рылымы мен әлеуметтік саласын дамытуға, өзі туып-өскен елді мекендерге қажетті бі­лім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт ны­сан­дарын салу, не жөндеу жұмыстарына қаты­суға шақырамыз.

Біз еліміздің зиялы қауымын ауылдың мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын насихаттайтын, тәуелсіздік жылдарындағы ауылдың дамуын суреттейтін, ауылдың болашағын, ауыл еңбеккерлерін дәріптейтін қомақты әрі мазмұнды жаңа шығармалар жазуға шақырамыз.

Біз барлық деңгейдегі депутаттарды, мемлекеттік орган қызметкерлерін ауыл проблемасына жіті қарап, тиянақты көңіл бөліп отыруға шақырамыз.

Біз жастарымызды ауылға қажетті мамандық алып, ауылда қызмет етуге шақырамыз. Еңбек жолын ауылда, өндірісте бастаған адам ел тағдырын өз тағдырынан бөлек қоймайтын болады. Бұған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолы нақты дәлел.

Әлемдегі болып жатқан дағдарыстың әсері бірінші ауылға, соның ішінде, ауыл тұрғындарына, ауылдағы көпбалалы отбасы­ларға тиюі мүмкіндігін ескере отырып, көңілі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығы осы акцияға қатысып, өскелең жас ұрпаққа үлгі көрсетуге, туған елге деген перзенттік парызды абыроймен атқаруға шақырамыз.

«Ауыл» халықтық-демократиялық
патриоттық партиясы.