KZ | RU | ENG

"Ауыл" ХДПП-ның төрағасы Әли Бектаев республикалық "Егемен Қазақстан" газетіне сұхбат берді

24.11.2015

Ауыл – елдің алтын бесігі

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли БЕКТАЕВПЕН әңгіме

– Әли Әбдікәрімұлы, біздің ұлты­мыз үшін «ауыл» ұғымының қаншалықты қымбат әрі ыстық екенін айтып жатудың өзі артық. Расында, біз үшін «ауыл мен қазақ» атауы ажырағысыз ұғымдар. Әңгімемізді осы төңіректен бастасақ.

– Біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Бұл дәуір мемлекеттердің, халықтар мен ұлттардың алдына жаңа мүмкіндіктер ашып қана қойған жоқ, жаңа сынақтар мен жаңа талаптарын алып келіп отыр. Тіпті, жекелеген мемлекеттер емес, тұтас өркениеттердің, мәдениеттердің алдында таңдау сәті тұр. Бұл таңдау жолы – өзіңнің ұлттық, мәдени-рухани бет-бейнеңді, салт-дәстүріңді жоғалтпай, тілің мен діліңді, дініңді сақтай отырып, жаһанданудың сара жолына түсу. Сонымен қоса, өзгерістерге, жаңғыртуларға әрдайым ашық болу, жаңа технологияларды, ноу-хауды жатсынбау, әлемге құшағыңды ашу. Осы тұрғыдан алғанда, «ауыл мен қазақ» ұғымы ғана емес, қазақ пен мемлекет, қазақ пен болашақ, қазақ пен өркениет ұғымдары да біз үшін ажырағысыз ұғымдар болуы тиіс деп білемін.

Меніңше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының астарында да осындай ұлы мақсат-міндеттер жатыр. Күні кеше, осы идеяның жалғасындай, Елбасы Қазақстанды «Ұлы Дала елі» деп атады. Бұл – біздің тәуелсіз еліміздің даңқты өткені мен жарқын болашағын көрсететін мазмұны терең, мағынасы зор ұғымдар. «Ұлы Дала елі» ұғымының артында ұлтымыздың сақ, ғұн, түркі, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда, Қазақ хандығы мемлекеттерінен, өркениеттерінен бастау алатын бай тарихы, өлмес мұрасы мен мәдениеті тұр. Дала тарихы, дала дәстүрі мен мәдениеті, мемлекеттік басқару жүйесі мен шаруашылық қалпы Еуразия құрлығындағы сан ғасырлық дамудың, жетілудің, өсудің негізі болды.

«Отан отбасынан басталады» деген қағиданы ұстанған халықпыз. Олай болса, бәрі де даладан, ауылдан басталған. Қазақ баласы үшін «Ұлы Дала» дегеніміз – туған жер, туған ауыл. Елбасының өзі ауылды «ұлттың – ұйытқысы, алтын бесігі» деп айтқан жоқ па?! Демек, мемлекеттің тірегі, іргетасы да ауылда, тамырымыз да ауылда. Бір сөзбен айтқанда, «ауыл» ұғымына осыншалықты сакралды, қасиетті мән-мағына беретін себебіміз көп.

Жалпы, өз басым мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да бүгінгі ауылға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі қажет деп ойлаймын. Бүгінгі қазақ ауылы әлеуметтік аутсайдер, ескіліктің көзі немесе артта қалған, меңіреу түкпірдегі мекен емес. Бүгінгі қазақ ауылы – осы мемлекеттің алтын жүлгесі, сауатты да салиқалы орта табын қалыптастырып отырған көзі ашық, көкірегі ояу жұрт. Ауыл көркеймесе, ауыл тұраласа, мемлекеттің еңсесі ешқашан көтеріле алмақ емес. Ауыл туралы, ауылдағы елдің қазіргі тұрмыс-тіршілігі, бет-бейнесі, беделі туралы сөз болғанда, алдымен осыны естен шығармаған абзал деп ойлаймын. Қазақ үшін ауыл мен мемлекет – бір ұғым.

– Аты ауылмен тікелей байланысты үлкен саяси ұйымның жетекшісі ретінде сізге мынадай сұрақ қойғым келіп отыр. Біздегі саяси партиялар, ұйымдар ауылды саяси науқандар, сайлаулар кезінде ғана есіне алатындай көрінеді кейде. Мұның себебі неде?

– Дұрыс аңғарғансыз. Осы ретте, мен сізге мына бір нәрсені айта кетейін. Қарап отырсаңыз, біздегі кез келген сая­си ұйым, партиялар көбінесе үлкен мегаполистердегі сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізеді немесе белгілі бір саланың өкілдеріне арқа сүйегісі келеді. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы сайлаулар тарихын, партиялардың даму, жетілу жолдарын зерделесеңіз де осыны аңғарасыз. Әрине, мұны саяси, партиялық жұмыстағы ежелден келе жатқан дәстүр қатарына жатқызуға да болар еді. Алайда, мұның өзіне тән олқылықтары бар екенін жоққа шығармауымыз керек.

Осы уақытқа дейін біздегі саяси партиялар үлкен мегаполистердегі белсенді топтарға ғана арқа сүйеді де, нәтижесінде ауыл-аудандардағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, мұң-зары қоғамдық-саяси өмірдің қалтарысында қалып жатты. Турасын айтқанда, осы уақытқа дейін нақты ауыл еңбеккерінің, ауыл адамының жоғын түгендейтін, сөзін сөйлейтін саяси ұйымдар аз болды…

– Сөзіңіз аузыңызда, ауылдың қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы нақты мәліметтер, зерттеулер жүргізіле ме? Мысалы, «Ауыл» партиясы жалпы ауылдың жағдайынан қаншалықты хабардар?

– «Ауыл» партиясының басты жанашыры және қайнар көзі – қарапайым ауыл тұрғындары. Он бес жылдық тарихы бар партиямыздың осы жылдар ішінде атқарған шаруалары аз емес. Десек те, әлемдегі, елдегі өзгерістер, құбылыстар біздің алдымызға да жаңа міндет-мақсаттар қойып отыр. Осы орайда, біз партия жұмысына да жаңа көзқарас, жаңа ізденістер мен қағидалар қажет екенін терең түсінеміз. Партия басшылығына келген алғашқы күннен бастап мен сіз айтып отырған мәселені күн тәртібіне қойған болатынмын. Осы аз уақыт ішінде ауыл-аудандардағы, өңірлердегі ахуалды барынша мұқият зерделеп, зерттеуге тырыстық.

– Осы жұмыстарға қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Қазақстан – аграрлық мемлекет. Осыны естен шығармауымыз керек. Бізде мұнай, газ, көмір, темір және басқа да қазба байлықтары қаншалықты мол болғанымен, одан да бағалы, құнды дүниеміз бар. Ол – біздің ата-бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қалдырып кеткен ұлан-ғайыр жеріміз.

Өзіңіз жақсы білесіз, дүниеде Гонконг, Люксембург, Монако сияқты бір уыс жерде отырса да бай, бақуатты елдер бар. Олардың жанында Қазақстанның байлығы да, бақуаты да жер мен көктей. Қазақтың олардан қай жері кем? Мәселе тек еңбек пен қажыр-қайратқа байланыс­ты. Ауылдың әлеуметтік жағдайы, экономикалық әлеуеті қаламен теңескенде ғана қазақтың көзі ашылады.

Дегенмен, соңғы нақты деректерге сүйенсек, ауылдық жердегі әлеуметтік-экономикалық ахуал түзеліп келеді деуге толық негіз бар. Мәселен, 2015 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнім 101 пайызға өскен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 98,5 пайызға, мал шаруашылығы 103,9 пайызға артқан. Мұның бәрі – ауылдағы ағайынның адал еңбек, маңдай терінің арқасы. Ауыл тұрғындары шағын және орта бизнесті дамытуға да өз үлестерін қосып отыр. Бір ғана балық, орман шаруашылығында 40 мыңнан астам еңбек етеді. Осының бәрі ауылдағы қарапайым еңбек адамының еліміздің экономикасына, дамуына қосып жатқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай екенін көрсетеді. Ал біз өз тарапымыздан барлық саяси күштермен, азаматтық қоғам өкілдерімен осы жетістіктерді баянды ету үшін жұмыс істейтін боламыз.

– Жалпы айтқанда, ауылдағы ха­лықтың негізгі проблемалары қандай?

– Әрине, ауылда шешімін таппай отырған мәселелер баршылық. Өздеріңіз білесіздер, шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін ең үлкен проблеманың бірі – ауыз су. Бізде бар мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердің 74 пайызы ауыз сумен қамтылған. Әрине, таза ауыз суға зар болып отырған ауылдар да аз емес. Және оны жасырып-жабудың да қажеті жоқ. Ауыз суға қолжетімділік, айналып келгенде, болашағымыздың, балаларымыздың денсаулығының, өмірінің кепілі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтудай-ақ айтып келеді. Мәселен, күні кеше ауыз су құбыры жүргізілген ауылдардың біршамасы сол суға қолы жетпей отырғанын да білеміз. Бұл, біріншіден, сол су құбырларын тартқан мердігерлердің салақтығы болса, екіншіден, жергілікті биліктің жауапсыздығы.

Ауыл халқының келесі проблемасы – жол. Қазіргі уақытта жергілікті жердегі 23 пайыз көлік жолы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жолдар – экономиканың күретамыры. Әрі ауыл мен аудан арасындағы, қалааралық жолдардың сапасыздығынан күніне қаншама адам, көлік зардап шегеді. Сондықтан бұл мәселеге де партия тарапынан бақылау орнатуды, әкімдіктермен, осы салаға жауапты органдармен қоян-қолтық жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, жергілікті жердегі әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі – таусылмайтын әңгіме. Егер де нақты әр ауылдық бөлімшені, ауылдық округті, ауданды жеке-жеке қарастырсаңыз, олардың даму деңгейі әр алуан. Әр ауылдың, ауданның, облыстың атқарушы органдары, әкімдіктер мен салалық министрліктер түрлі себепті сылтау етуі мүмкін. Бірақ, ең бастысы, біздің Конституциямызда жазылғандай, шынайы әлеуметтік мемлекет құрып жатқан ел болсақ, ең алдымен жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелердің шешімін табу басты міндет болуы тиіс деп санаймын. Өйткені, халықтың әлеуметтік ахуалын дұрыстамай, білімі мен денсаулығын түземей тұрып еш нәрсеге қол жеткізе алмаймыз.

Тағы бір тоқтала кететін жайт – жерді сапалы игеру, пайдалану мәселесі. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, қазіргі уақытта елдегі экономикалық белсенді топтың 25 пайызы агросекторда жұмыс істейді екен. Меніңше, одан да көп болуы мүмкін. Бұл орасан қор ғой. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін ұлан-ғайыр жеріміздің қадіріне жетіп, оны табысты игере алмай отырмыз. Сондықтан «Ауыл» партиясы осы мәселе бойынша қалың жұртшылықты тарта отырып, қоғамдық тыңдаулар өткізбекші. Тоқетерін айтқанда, Қазақстандағы аграрлық сектордың мүмкіндіктері шексіз, тек осы салада мемлекет, қоғам, адамдар тарапынан бірлескен, сауатты, сапалы іс-шаралар керек.

– Ал бұл бағытта мемлекеттің тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қандай көмектерді атап айта аласыз?

– «Ауыл жылы» аясында жарияланған үшжылдық бағдарлама аграрлық сектордың дамуына ерекше серпін берді. «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде де нақты шаралар қолға алынып жатыр. Әрине, бүкіләлемдік қаржы дағдарысы, соның салдарынан болған негізгі экспорттық тауарларға бағаның төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы көршілерімізге қойылған шектеулер біздің жағдайымызға әсер етпей қоймайды. Бір ғана Ресей Федерациясына қарсы салынған санкциялар, ондағы экономикалық жағдайдың нашарлауы біздің экономикамызға да зиян шектіріп отыр.

Алайда, осындай жағдайларға қара­мастан, мемлекет ауыл шаруашылығына қолдауын тоқтатқан жоқ. Оны көзіміз көріп отыр және бұл үрдіс қуантады.

Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен агроөндірістік кешенді дамыту мен қолдау жөніндегі іс-шаралар мақұлданып, ол «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Сондай-ақ, осы жылы Ұлттық қордан қосымша 20 млрд. теңге аграрлық секторды дамытуға жұмсалды. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін үлкен көмек. Өйткені, аталған қаражат қазірдің өзінде несиелік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге, дағдарыс жағдайында осы саланы қаржылық сауықтыруға, төлем қабілетін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отыр. Мал шаруашылығы саласында да осындай жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Мемлекет қазір мал басын өсіруді ғана мақсат қылмай, оны асылдандыруды, өнімі мен сапасын арттыруды қолға алуда. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті дамыту, соның ішінде 5 гектарға дейін отбасылық бау-бақша салуға кепілдіксіз несие беру сияқты жеңілдіктер де бар.

Қазіргі уақытта осы саланы қаржылай сауықтыруға, инвестициялық субсидия жасауға, жоғарыда айтқанымдай, несиелер мен лизингтер бойынша пайыздық мөлшерлемені азайтуға жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, Кеден одағы аясындағы елдерді алсақ, Ресейдегі қосымша құн салығы – 18 пайыз, Беларусьте – 20 пайыз. Қазақстандағы қосым­ша құн салығы – 12 пайыз. Бұған қоса, біздегі ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілерге мүліктік, көліктік, әлеуметтік тұрғыда айтарлықтай салық­тық жеңілдіктер қарастырылған.

Осы айтылғандардың өзі-ақ Қазақстандағы аграрлық сектордың мүмкіндіктері орасан екенін көрсетпей ме? Тек біз осы саладағы мүмкіндіктерімізді лайықты пайдалана білуіміз керек.

Қазақта «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар ғой. Құдайға шүкір, тәуелсіз еліміз елу жыл емес, жиырма-жиырма бес жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасы деп білемін.

Сонымен бірге, осы салада әлі қолданылмай жатқан даму мүмкіндіктері бар екенін айта кеткен жөн. Шағын несиелерді алу қарапайым шаруалар үшін қиын. Ауыл шаруашылығындағы өндірушілерді несиелендірудің 16 түрлі бағдарламасы жұмыс жасайды. Сол бағдарламалардың 16 түрлі талаптары бар. Әрқайсысы әртүрлі. Ауылдағы қарапайым шаруа үшін оны толтыру өте қиынға соғады, қағазбастылық басым. Субсидиялау ережелері жиі өзгереді – бұл да бір кедергі.

– Елбасы бір сөзінде «Білімді ұрпақ – мемлекеттің болашағы» деген еді. Қалай ойлайсыз, сол білімді ұрпақтың негізі ауылда емес пе?

– Сұрағыңызды жақсы түсініп отырмын. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына байланысты ұлттық білім жүйесін қалыптастырып, оны бүкіләлемдік жүйеге бейімдеу міндеті қойылған болатын. Осы мақсатта Білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі жастағы 680 806 баланың 160 129-ы ауылдық балабақшаларда, 131 729-ы шағын орталықтарда екен. Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Атырау және Маңғыстау облыс­тарында осындай мекемелерге кезекте тұрған бүлдіршіндер өте көп.

Бұған мектептерде орын жетіспей жататынын, педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген мамандар деңгейінің төмендігін, балалар психологиясын және т.б. қосыңыз. Біздің мәлімет бойынша елімізде 7307 күндізгі мемлекеттік мектеп, соның ішінде ауылдық жерде 5702 мектеп жұмыс істейді екен. Немесе денсаулық сақтау саласын алайық. Бүгінгі таңда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Әрине, осы саланы бюджеттік қаржыландыру, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, медициналық-санитарлық көмек беру, тағысын тағылар кезек күттірмейтін міндеттер. Оның сыртында саламатты өмір салтын насихаттау, амбулаторлық көмек, тұрғындарды жаппай алғашқы медициналық жәрдеммен, жедел жәрдеммен қамту мәселелері тұр. Жасыратыны жоқ, осы аталған проблемалар қазіргі таңда ауылдық жерлерде түпкілікті шешілмей келеді.

Ауызды қу шөппен сүрте беру де абырой әпермейді. Мемлекет ауылға қолынан келген көмегін ешқашан аяған емес. Тәуелсіздік жылдары біздің еліміз ойымыз түгілі түсімізге кірмеген жетістіктерге жетті. Бірақ, жақсылығымен қоса олқылығын да айту, көрсету, түзету – парызымыз. Әрі біз мұндай сынды билік тізгінін ұстап отырған жергілікті жердегі әкімқаралардың құлағына жеткізу, ескерту үшін айтамыз. Осы кешенді мәселелерді шешу мақсатында «Ауыл» партиясы «Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы» атты бағдарлама әзірлеу күн тәртібінде тұр деп есептейді. Сол бағдарламада ауылдың инфрақұрылымдық мәселелерін шешудің кешенді жолдарын қарастыру үшін мемлекеттік органдармен, қалың жұртшылықпен бірге жұмыс істейтін боламыз.

– Әли Әбдікәрімұлы, сіз шын мәнінде ауыл проблемасы туралы біраз жайттың бетін аштыңыз және ашық, жаныңыз күйіп әңгімелеп отырсыз. Үлкен саяси партияның жетекшісі ретінде айтыңызшы, «Ауыл» партия­сы осы бағытта қандай жұмыстар жүргізетін болады?

– Осы уақытқа дейін «Ауыл» партия­сы біраз жұмыстар атқарды. Ең бастысы, он бес жылдың ішінде біздің партия әрдайым тәуелсіздіктің, даму мен өсудің, жақсылықтың жақтаушысы, қолдаушысы болды. Елмен бірге, Елбасымен бірге егемен еліміздің көркеюіне, өркендеуіне хал-қадерінше үлес қосты. «Осы жылдардағы партияның жеткен жетістігі, табысы қайсы?» деген сұрақ қойылса, мен жоғарыдағы дәлелді келтірер едім. Себебі, мемлекет үшін де, қоғам үшін де, жекелеген саяси партиялар үшін де, қайраткер азамат үшін де, айналып келгенде, елінің көркеюі мен дамуынан артық ештеңе жоқ деп ойлаймын.

Бірақ, өмір бір орнында тұрмайды ғой. Мемлекет те, адам да, партия да үнемі жетілу, өсу үстінде болуы керек. «Ауыл» партиясы мен Патриоттар партиясының бірігуі жөніндегі шешім де, шыны керек, «бірігіп көтерген жүк жеңіл» дегенге саяды. Осы ретте, біз партияға келгелі саяси ұйымның алдына жаңа құндылықтар, жаңа міндеттер мен мақсаттар қойып отырмыз. «Ауыл» партиясы әлеуметтік әділеттілік бүгінгі күн тәртібінің негізгі мәселесі деп есептейді. Бұл – ауыл тұрғындарының әділетті еңбекақысы, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өніміне әділетті баға және ауылға деген әділетті әлеуметтік саясат деген сөз.

Күн сайын өзгеріп жатқан мына алмағайып заманда тәуелсіз Қазақстанның алдында күрделі де өзекті міндеттер тұр. Мұны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жыл сайынғы халыққа Жолдауларында қадап айтып жүр. Әлбетте, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы да осы мақсат-міндеттерді оңтайлы шешудің жолдарын қарастырып қана қоймай, нақты шешу жолдарын ұсынды.

Яғни, партия жаңашыл аграрлық сая­сатты қалайды. Бұлар ауыл шаруа­шы­лығында әлемдегі озық елдердің тәжі­рибесін пайдалану; ауылда инвести­циялық іскерлікті дамыту; ауыл еңбек­кер­лері мен агроөнеркәсіп кешен өкілдеріне әділетті салық жүйесін қалыптастыру.

Біздің басты мақсатымыз – тәуелсіз, мықты, дамыған Қазақстан. Сондықтан ауыл халқының, Қазақстан халқының, Қазақстанның болашағы үшін жұмыс істейтін боламыз.

Әңгімелескен

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан».