KZ | RU | ENG

ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ

ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ
23.12.2016

Бүгін Астанада Ауыл Халықтық-Демократиялық Патриоттық партиясы Еңбек Озаттарының Форумын өткізді.  Салтанатты шараға партияның еліміздің барлық өңіріндегі мүшелері, өңірлік филиалдардың қызметкерлері арнайы шақырылды. «Ауыл» партиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды үнемі назарда ұстап, партия мүшелігіндегі әрбір азаматтың еңбек етуіне жағдай жасауды, өңірлерде - елімізді ілгері жетелеуші күш – еңбек адамы деген қағидаттардың насихатталуын берік ұстанып келеді. Оның бірден-бір айғағы – бүгінгі Форумның өткізілуі.

Елеулі еңбегі мен партияның саяси өміріне сүбелі үлесін қосып жүрген 100-ден астам «ауылдыққа»  «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 25 жыл» медалі мен  ведомстволық марапаттарды, 4 мемлекеттік награданы «Ауыл» ХДПП Төрағасы Әли Бектаев жеке-жеке табыстады. 

Мемлекеттік марапатқа ұсынылғандардың қатарында 45 жылдық еңбек тәжірибесі бар, партияның Алматы облысындағы филиалының төрағасы – Нұрбай Жантілеуов; сонау соғыс жылдары тылда еңбек еткен Филипп Полищук; 40 жылға жуық ұстаздық қызмет істеп келе жатқан Шығыс Қазақстандық Людмила Салабаева; Еңбектері Жоғарғы және орта білім беретін оқу орындарында сұранысқа ие ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, агроном, доцент Жұмабай Әленов; ауылшаруашылығы саласында 40 жылдан астам еңбек өтілі бар Жұматай Смаилов пен Мүбәрәк Тоқпанов т.б еңбегі елеулі азаматтар бар. Форум жұмысына арнайы шақырылған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова партия филиалдары өкілдері тілге тиек еткен ауылдардың денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік өміріндегі проблемаларды тыңдап, қойылған сауалдарға жеке-жеке жауап  берді. Сөз болған мәселелердің бірегейін Ауыл партиясы Алматы облысындағы филиалы атынан келген Мейрамхан Мұхамедиева көтерді. Ол шалғай ауылдардағы медицина қызметкерлері тапшылығы мәселесін айтты. «Бүгінде еліміз бойынша 1033 елдімекенде емхана жоқ. Бұл мәселені үкімет басшылығына жеткіздік. Қазір Ұлттық Экономика министрлігінде жоспарланып жатыр. Медициналық пункт болады ма, әлде фельдшерлік-акушерлік пункт болары – ауылдағы адам санына қарай ескеріледі. 2017-жылдың бюджетінде қаражат қаралған. 2018-жылдан бастап, құрылыстар қолға алынады деп отырмыз»,-деп жауап берді вице-министр Светлана Жақыпова.

Партияның өтіп бара жатқан жылы атқарған жұмыстары мен болашаққа межеленген жоспарлары бүгінгі басқосуда кеңінен талқыланды. Ауыл партиясының Қазақстанның әр түкпірінде жүрген өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктірген бүгінгі басқосу - барша Форум мүшелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, партия жұмысын одан әрі жандандыруға қанаттандырды. 

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің

25 жылдығына арналған «Ауыл» ХДПП еңбек озаттары

Форумына қатысушылардың үндеуі

 

         Құрметті, Қазақстан Республикасының азаматтары, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері!  

         «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» ҚБ бастамасымен өткізіліп отырған Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған еңбек озаттары Форумының қатысушылары Сіздерге  бүгін үлкен өтініш жасап отыр.

         Бүгінде еліміздегі экономикалық дағдарысқа қарамастан аумақты дамытудың оң серпінін байқауға болады. Ауылдарда мектептер, ауруханалар, балабақшалар, спорттық және мәдени нысандар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехтары салынып, кооперация қарқыны үдеп, тамақ өнеркәсібі саласында жоғары технологиялық жобалар жүзеге асырылып әр салада жаңашылдық байқалып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Парламент, Үкімет ауылдың әлеуметтік саладағы мәселелерді толымды түрде шешу жолында жанын салуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнестің жан-жақты қамтылуы аграрлық сектордың бекемді және кіріс көзіне айналуына, ал ауыл еңбеккерлерінің өмірі жанданып, жарқындауына бастап отыр. 

Елбасының бұған дейінгі Жолдауларын сараптай келсек, Қазақстан халқының алдына ел дамуының кейбір кезеңдерінде заман талабына сай бірқатар міндеттер мен жауапкершілік жүктелді. Мұнда – біртұтас мақсат, біртұтас қызығушылық, біртұтас болашақ, стратегиялық ұтымды қадам, өзектілік пен жаңашылдық жатыр. Елбасының әрбір маңызды құжаты мен Жолдауы арқылы сабақтасып жатқан жол «Барлық істе бірлік - көшбасшы. Бірге болсақ біз күштіміз!» деген ұтымды ойға жетелейді.

         Біздің жолдауымыз ортақ және келісілген  әрекеттерге үндеп,  Үкіметті, Парлементті, жергілікті атқарушы органдарды, партияларды, үкіметтік емес ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерді, құқық қорғау ұйымдары мен кәсіподақ ұйымдарын Қазақстан Республикасының Президенті,  Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған  экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруда сындарлы күш жұмсап бірігуге шақырады:

  •   ортақ бағдарламаны, жобаны, акциялар мен басқа да ұлт идеясын дамытуға бағытталған іс шараларды жүзеге асыру - тек бірге,  ұлтаралық келісім мен халық бірлігінің арқасында тиімді экономика құру арқылы мүмкін болмақ;
  • билік  органдары қабылдаған барлық шешімдер мен олардың іс жүзіндегі әрекеттері әр адамның өз  жұмыс орнында да, қоршаған ортада да  тұрақтылығына, оның сапалы қайтарым жасауға талпынуына кепілдік беруге  бағытталуы тиіс. Біз еліміздің гүлденуіне ортақ күш жұмсамайынша көп нәрсенің өзгермейтіндігін түсінуіміз керек. Тек жалпыға ортақ еңбек қоғамы сыртқы күйзелістерге төзімді, тиімді  экономиканың нақты негізі бола алады.  Қазақстан азаматтарының  өмір сүру деңгейі мен тұрмыс тіршілігін жақсарта алатын жалғыз нәрсе – ол еңбек.

 

Біз, Еңбек озаттары Форумының қатысушылары барша қазақстандықтарға үндеу тастаймыз:

  • Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін тек алға қадам басуымыз керек;
  • еліміздің әр азаматы Қазақстанның гүлденуіне жеке өз үлесін қосуға міндетті;
  • біз әрқайсымыздың мемлекет пен қоғам үшін пайдалы іс жасап жүргенімізді сезініп, қоғамдағы өз құнымызды бағалай білуіміз керек;
  • бүгінде селқостық танытуға әсте болмайды, білім алу мен қызмет атқару атқару барысында бар күш-жігерімізді салып еңбектенуге тиіспіз!

 

         Болашақ ұрпағымызға Тәуелсіз, гүлденген, қуатты экономикалық Қазақстанды қалдырып кетуге барымызды салайық!

Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін Елбасының Мәңгілік ел мемлекеттік идеясы аясында бірауыздан баршамыздың бірігу қажеттілігі жөніндегі «Қазақстан - 2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы үндеуін қолдаймыз.

Біз болашағы Біртұтас Ұлт – Мәңгілік елге сенеміз!

Біз Ұлы Дала елінің ертеңіне сенеміз!