KZ | RU | ENG

«Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Азық-түлік қауіпсіздігі – ел дамуы мен тұрақтылығының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Азық-түлік қауіпсіздігі – ел дамуы мен тұрақтылығының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
18.10.2016

2016 жылдың 18 қазан күні «Ауыл» ХДПП-ның ұйымдастыруымен «Азық-түлік қауіпсіздігі – ел дамуы мен тұрақтылығының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

            Шараға «Ауыл» ХДПП төрағасы, Сенат депутаты Ә.Бектаев; «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының өкілдері, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері, Астана қ. Әкімшілігінің ауылшаруашылығы басқармасының өкілдері, Агрокомпетенция орталығының өкілдері, «Астана» ӘКК» ұлттық компаниясының өкілдері, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессорлары, фермерлер қатысты.  

Азық-түлік қауіпсіздігі-ел болашағының негізі. Бүгінде агроөнеркәсіп кешені елімізді индустрияландырудың өзегі болуға қабілетті.

«Ауыл» Партиясының төрағасы Ә.Бектаев «мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және қайта өңдеумен айналысатын ірі өндіріс кешендерін дамыта отырып, тек қана Қытай мен Ресейге 5 млрд АҚШ долларын құрайтын экспорттық мүмкіндікті қанағаттандыруға болады» деп атап өтті.  Сонымен қатар оның айтуынша, «бидай, мақта, жеміс-жидек өндірісі ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етуге  қауқарлы, тек ол үшін  тұрақты түрде қолдау қажет. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен бірдей болуы шарт» деді ол.

            Дөңгелек үстел қатысушыларының айтуынша, «Қазақстан азаматтары тұтынатын азық-түлікті шет елдерден тасымалдай бермей, өз жерімізде өндіріп, қаражаттың өз елімізде қалуын қамтамасыз ету маңызды». Бұл бағытта халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде мүмкіндігі бағаланбай келе жатқан жеке қосалқы шаруашылықтар қорының әлеуеті зор.

Ауыл партиясының қатысушыларға ұсынған мәліметтеріне сәйкес, бүгінде азаматтардың жеке қораларында  ірі қара малдың 65%-ы, қой мен ешкінің 61%-ы, жылқының 54%-ы шоғырланған, мал шаруашылығы жалпы өнімінің 72% жеке меншікті аулада өндіріледі. Дегенмен де, сапасыз  ветеринарлық қызмет, ауылдағы ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеуге, өткізуге жағдайдың болмауы жеке аулалардың тиімділігін төмендетіп тастаған.

Сондықтан шараға қатысушылар төмендегідей ұсыныстарды жариялады: 

1. Жыл сайын шаруалар мен үй маңындағы шаруашылықтардың өнімін тұрақты және әділетті бағамен сатып алуға кепіл бола алатын, бюджеттен қаржыландырылатын, азық-түлік қорларын қалыптастыру;

2. Ауылшаруашылық өндірісінің кооперациясы принциптерін енгізу және түсіндіру бағытында кешенді шаралар жоспарын құру. Мемлекеттік реттеу шараларының барлығы ауылшаруашылық кооперациясын ынталандыруға, тауар өндірушілердің бірігуі негізінде ауылшаруашылық өнімдерін дайындау, өңдеу, сақтау бойынша қызмет көрсету бағытын дамытуға бағытталуы тиіс.

3. Отарлы мал шаруашылығын дамыту бағытында нақты ұйымдастырушылық шараларын жүзеге асыру. Бұл қадам жайылымдық жерлерді суландыру, шопандар үшін қарапайым инфрақұрылымдарды реттеу бағытында кешенді шараларды орындауды көздейді.

4. Агроөнеркәсіптік кешеніне салық салу мәселелерін, ауыл өндірісіне әсіресе ауылшаруашылық өнімдерін дайындау, өңдеу сақтау бағытында қызмет көрсету саласына салықтық жеңілдіктер қарастыру мәселесін талқылауды ұйымдастыру. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық тауарларының бағасын өсіруге себепші болып отырған қосымша құн салығын алып тастау туралы ұсынысқа бастама жасау және т.б. 

 

Дөңгелек Үстел қатысушылары, осы ұсыныстар жүзеге асатын болса, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін  қамтамасыз етуде өзіндік үлесін қосатынына сенімді.

Дөңгелек Үстел қатысушыларының шешімі бойынша, осы ұсыныстар түзетіліп, толықтырулар енгізілген соң, 2016 жылдың 17 қарашасына дейін мемлекеттік биліктің мүдделі органдарына жөнелтіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.