KZ | RU | ENG

«Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Бектаев Қазақ Агротехникалық Университетінің жұмысымен танысты

«Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Бектаев Қазақ Агротехникалық Университетінің жұмысымен танысты
04.10.2016

«Ауыл» партиясының орталық аппарат өкілдері партия төрағасы Ә.Бектаевтың басшылығымен Қазақ Агротехникалық Университетінің басшылығымен кездесіп, оқу процесімен танысты. Мақсат – агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерін соның ішінде ветеринар мамандарын даярлаудың басым бағыттарымен танысу.    

Мал шаруашылығы әлеуетінің негізгі мәселесі – ветеринария. Қазақстан  Республикасы  ірі қара мал етін экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарына ену мақсатын қойып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін мал түліктерінің халықаралық стандарттарға сәйкес болуы қажет.

Осы тұрғыда  Ауылшаруашылық Биотехнологиясы ғылыми-зерттеу Орталығының жұмысымен танысқан «Ауыл» партиясының төрағасы Ә. Бектаев: «Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі ел болашағының негізі. Ет өнімдерін экспорттаушы елдер қатарына қосылуға бағыт алған еліміз үшін ветеринарлық қызмет сапасын жақсартуды мықтап қолға алу керек» деп атап өтті. Сонымен қатар Партия төрағасының айтуынша, мемлекет ветеринария саласын дамытуға қажетті қаражатты бөліп келеді. Соңғы 3 жылда 11 млрд. тенге «Агробизнес» бағдарламасы арқылы осы салаға бөлінген. Жер-жерде зертханалар ашылуда. Дегенмен бұл саладағы күрмеулі мәселелер мұнымен шешіліп кетпеді.

Әли Бектаев ветеринария саласындағы ең негізгі екі мәселені бөліп көрсетті.

  • Ол біріншіден білікті маманның жетіспеушілігі. Бұл саладағы аға буын мамандар зейнетте, ал соңғы 10 жылда дайындалған мамандардың біліктілігі көңіл көншітпейді. Қазір ғана мал дәрігерлерін жаңа технологияларды ендіру арқылы оқытып жатыр.
  • Екінші мәселе – ветеринарлық зертханалардың аздығы. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық өнімдерінің 80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықта өндіріледі. Сүт пен етті ауылдағы жекелеген шаруалардың қорасындағы төрт түлігі беріп отыр. Ал есік алдындағы малдың малдың саулығын бақылау аса қиын. Оны қадағалау, бақылау, уақытында егу жұмыстарына сол аймақтың мал дәрігері жауапты. Сондықтан аймақтағы ветеринарлық қызмет сапасын арттыру маңызды.   

Қатысушылардың айтуынша, жақында Қарағанды, Павлодар облыстарындағы күйдіргінің шығу фактілері ауылшаруашылығына келетін  шетел инвесторларының күдігін тудыруы һақ.

Осы кешенді мәселелер аграрлық саладағы ғалымдармен жан-жақты талқыланды.

         Сонымен қатар делегаттар агроөнеркәсіп кешеніне қажетті техникалардың жай-күйін білу үшін Қазақ-Қытай Аграрлық механизация орталығы, инженерлік кадрларды дайындау және қайта даярлау мәселесі бойынша Қазақстан-Беларусь орталығы, егін шаруашылығы саласында Қазақстан-Герман орталығының жұмыс барысымен танысты.

Кездесу соңында Университет жанынан құрылған етті өңдеу орталығында студенттер тәжірибе жүзінде етті өңдеу технологияларының жаңалықтарымен бөлісті.