KZ | RU | ENG

Бүгін «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы Ә. Бектаев «Ауылым-алтын тұғырым» конкурсына сайланған әділқазылар алқасының мүшелерімен кездесті

Бүгін «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы Ә. Бектаев «Ауылым-алтын тұғырым» конкурсына сайланған әділқазылар алқасының мүшелерімен кездесті
15.09.2016

Бүгін «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы Ә. Бектаев «Ауылым-алтын тұғырым» конкурсына сайланған әділқазылар алқасының мүшелерімен кездесті. 

«Ауыл» партиясы «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталымен» бірігіп, «Ауылым-алтын тұғырым» атты ауыл тақырыбына арналған шығармалар байқауын жариялаған болатын. Партия жанынан құрылған шығармашылық кеңес конкурсқа төрелік ететін әділқазылар алқасын сайлаған еді. Комиссия құрамы 9 адамнан тұрады. Комиссия төрағасы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев.

Сонымен қатар  әділқазылар алқасының құрамында Рахымжан Отарбаев, Мархабат Байғұт, Ербол Бейілхан, Талғат Ешенұлы, Ерқожа Әлқожаұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Жолтай Әлмаш, Роза Мұқанова сынды майталман мамандар бар.  Айта кету керек, комиссия құрамында 9 адамның әрқайсысы 1 дауысқа ие. Келіп түскен шығармалар 3 номинация бойынша: үздік проза, поэзия және драматургия жанрында іріктеледі. Сонымен қатар үздік туынды арасынан сарапталып, бір шығармаға «Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі тағайындалады.    

Бүгінгі кездесуге әділқазылар алқасы түгелдей дерлік қатысып, конкурсқа орай айтар ұсыныс пікірлерін ортаға салды.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, мұндай байқаулар әдебиет айдынына енді ғана қадам басып, қалам тербеп жүрген жас дарын иелерін, ақындар мен жазушыларды жарыққа шығаруға, оларды қолдап, шығармашылығын дамытуға ерекше серпін береді. Сонымен қатар «келіп түскен шығармалар жинақталып, арнайы кітап түрінде шығады» деді партия төрағасы. 

Әділқазылар алқасының өкілдері «байқауға таңдалған тақырып бүгінгі таңда аса өзекті» деп атап өтті. Алтын тұғыр болып табылатын ауылды, ауылдың құндылықтарын сақтап, насихаттауды мақсат тұтқан конкурстың рухани әлемде алар орны ерекше болады деп сенеміз» деді олар.

Бір апта ішінде байқауға қатысуға үміткерлердің 10-ға жуық туындысы келіп түсті.

Еске сала кетейік, конкурсқа қатысу үшін шығармалар онлайн түрде «Әдебиет порталына» 2016 жылғы 1 желтоқсанға дейін жіберілуі тиіс. Үміткерлер конкурсқа ұсынылған шығармалары мен жеке мәліметтерін Әдебиет порталында көрсетілген "Шығарманы енгізу" батырмасы арқылы орналастыра алады, немесе «Әдебиет порталының» электронды поштасына: adebiportal@gmail.com тікелей жөнелте алады.

Конкурсқа қатысу үшін жасы 14 пен 45 жас аралығындағы қаламгерлер өз шығармаларын ұсына алады. Көркемдік деңгейі төмен шығармалар қабылданбайды. Конкурсқа қатысушыларды комиссия мүшелері жеке-жеке бағалайды. Ұсынылған шығармалар бұған дейін еш жерде жарияланбаған болуы шарт.