KZ | RU | ENG

Төл тарихын терең таныған ұрпақ қана нағыз патриот бола алады

Төл тарихын терең таныған ұрпақ қана нағыз патриот бола алады
01.09.2016

Төл тарихын терең таныған ұрпақ қана нағыз патриот бола алады

Бүгін Астанада «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясының басшылығы астаналық тарих пәнінің мұғалімдерімен кездесті. Партия төрағасы Ә. Бектаев ұстаздарды білім күнімен құттықтап, шәкірт тәрбиелеуде олардың сіңіріп отырған орасан еңбегі үшін алғысын айтты. Тарих пәнінің мұғалімдерін арнайы бөліп шақыруда мән бар.


«Білім беру жүйесінде ұлттық рух пен қазақы құндылықтарды ұрпақтар санасына сіңіру аса маңызды. Бұл ретте әсіресе қазақстан тарихы пәнінің алар орны зор. Төл тарихын терең таныған ұлт тәлімді ұрпақ тәрбиелейді, ал тарихын жете түсінген жастар нағыз патриот бола алады» дейді «Ауыл» партиясының төрағасы Ә. Бектаев. 


«Ұстазға қашанда ерекше ілтипатпен, жоғары құрметпен қараймыз. Бүгінгі таңда мектепке тарыдай болып келген әрбір баланың, ертеңгі күні еліміздің дамуына үлес қосатын таудай тұлғаға айналуы, олардың бәсекеге қабілетті болуы тәлім-тәрбие берген ұстаздың еңбегіне байланысты. Осы бағытта балаға үйретуден жалықпаған әрбір ұстазға айтар алғысымыз шексіз. Қазақстанның кемел келешегінің іргетасын – дәл осы ұстаз қалайды» ұстаздарға деген ерекше құрметін партия төрағасы осылайша жеткізді. 


Ұстаздар кездесу барысында білім беру жүйесіндегі реформаларға қатысты пікірін білдіріп, мектепте тарих пәнін оқытудың ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар олар келер жылдан бастап, дүниежүзілік тарих пәнін барлық мектептерде орыс тілінде оқыту тәртібінің әлі де қайта қарауды қажет екенін атап айтты. Жоғарғы оқу орындарында қазіргі заман тарихы пәнінің алынып тасталғанына да алаңдаушылық білдірді. 


Ә. Бектаев барлық айтылған ұсыныстарды тізіп алып, алдағы уақытта партия бұл мәселемен айналысатынын жеткізді. Сонымен қатар аса үлкен жауапкершілік пен үнемі кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыруды талап ететінін мұғалім мамандығына партия атынан зор ықыласы мен ілтипатын білдірді.