KZ | RU | ENG

«Ауыл» партиясының төрағасы «Лайықты еңбек» жобасының аясында «Аршалы» асыл тұқымды мал шаруашылығының жұмысымен танысты

«Ауыл» партиясының төрағасы «Лайықты еңбек» жобасының аясында «Аршалы» асыл тұқымды мал шаруашылығының жұмысымен танысты
11.12.2015

2015 жылдың 11 желтоқсан күні «Ауыл» партиясының төрағасы Ә. Бектаев «Лайықты еңбек» атты партия жобасы аясында Ақмола облысындағы «Аршалы» асыл тұқымды мал шаруашылығының жұмысымен танысты. 

«Ауыл» партиясының төрағасы Ә. Бектаевтың айтуынша, «Партияның негізгі базасы және қолдаушы күші қарапайым ауыл шаруасы. Біз елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл еңбеккерлерінің бүгінгі шынайы тыныс-тіршілігін көзбен көріп, мұң-мұқтажын жақынырақ білуге ниеттіміз».

Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі төрт есеге өсті, ал ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты үш есеге артты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2004 жылы 44 млрд. теңге болса, 2014 жылы  бұл көрсеткіш 166,4 млрд. теңгеге дейін жетті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2013 жылдан бері елімізде аграрлық секторды қаржылай және өзгеде тәсілмен қолдау тетіктерін қарастырған «Агробизнес 2020» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында биылғы жылғы бөлінетін субсидия көлемі 177,3 млрд теңгеге жетті. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2 есе көп, ол кезде 87,2 млрд. теңге демеуқаржы қаралған болатын.

«Бұл құрғақ сандардың артында қаншама нақты шаруа адамының тағдыры тұр, олар біздің жақындарымыз, бауырларымыз, замандастырымыз» деп атап өтті партия төрағасы Ә. Бектаев.

Дегенмен, партиялықтардың пікірінше, ауылшаруашылық саласында әлі де ескерілмеген әлеует, дамитын жаңа белестер көп.

Жергілікті жердегі жолдың сапасы, ауыз сумен қамту және ауылдағы әлеуметтік тұрмыстық қызмет көрсету бағытында әлі де мәселелер өткір тұр. Сондықтан «Ауыл» партиясы жергілікті жердегі инфрақұрылым мәселесімен етене танысып, шешу жолдарын қарастырмақ.