KZ | RU | ENG

"Ауыл" партиясының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, өнертанушы Бахаргүл Төлегеннің «Ұлт жауһарлары» фотожинағының тұсаукесері өтті

15.06.2016

ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында "Ауыл" партиясының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, өнертанушы  Бахаргүл Төлегеннің жеке коллекциясындағы ХVIII-XX ғасырлардағы антикварлық зергерлік бұйымдар топтамасынан құрастырылған «Ұлт жауһарлары» фотожинағының тұсаукесері өтті 

Кітаптың тұсауын "Ауыл" партиясының төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаев кесті. 

     2011 жылы  белгілі коллекционер, өнертанушы Бахаргүл Төлегеннің ұйтқы болуымен,  Алматы қаласында «Әдемі-Ай» өнер мұражайы  ашылды.  Қазіргі таңда мұндағы  жәдігерлер саны  1000-нан асады. Мұражай экспозицияларынан б.з.д. I – III ғғ. Кушан патшалығының археологиялық артефактілері мен  VI – ХII ғғ. жататын тарихи құнды жәдігерлермен танысуға болады.  Өскелең ұрпақ көріп, біліп жүрсін деген мақсатпен аталған құнды мұралардың  суреттерінен топтастырылған «Ұлт жауһарлары» атты фотожинақ құрастырылды.

Ана жылы Бахаргүл Төлегенқызы Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың қабылдауында болып,  Президентіміз қазақ қызының ұлтының  мәдени мұрасын сақтап, зерттеу қызметіне жоғары баға берген болатын.

Бахаргүл Төлеген – коллекционер-этнограф, Қазақстандағы түркі халықтарының сирек кездесетін алтын және күміс бұйымдарының жалғыз жеке мұражайының иесі. Сонымен қатар, қазақы кәдесыйлардың ұлттық брендін қалыптастырған «Әдемі-Ай» компаниясының президенті. Балалық және жастық шағын Қытай Халық Республикасында өткізген Бахаргүл, 1994 жылы тарихи отанына оралып, бала кезіндегі арманына қол жеткізді. Сол сәттен бастап Бахаргүл бойындағы бар қайрат-жігерін қазақтың ұлттық мәдениетін насихаттауға, әрі құнды тарихи жәдігерлерді жинақтап, сақтауға арнады. Ол республика мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін  2010- жылы  ҚР мәдениет қайраткері атағына ие болды.  Сол жылы еліміздің 30 танымал әйелдері қатысқан «Қазақстан әйелі - 2010» атты жобасының жеңімпазы атанды. 2013-жылы  Елбасы жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталды.

«Ұлт жауһарлары» фотожинағы арқылы Сіз этнографиялық бұйымдардың керемет және бай коллекциясымен танысу мүмкіндігіне ие боласыз.