KZ | RU | ENG

«Ауыл»партиясы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «1932-1933 жылдардағы аштық құрбандарының рухына мәңгілік тағзым» монументіне гүл шоқтарын қойды

«Ауыл»партиясы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «1932-1933 жылдардағы аштық құрбандарының рухына мәңгілік тағзым» монументіне гүл шоқтарын қойды
31.05.2016

«Қазақ тарихының қаралы кезеңін біз әрдайым есте сақтауымыз керек!»

2016 жылы 31 мамырда «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «1932-1933 жылдардағы аштық құрбандарының рухына мәңгілік тағзым» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Шараға «Ауыл» партиясының мүшелерімен қатар,  Қытай, Монғолия, Ресейден арнайы келген қазақ қандастарымызда қатысты.

«Барша халқымыз үшін бұл күннің ерекше тарихи мәні бар. Жаппай саяси қуғын-сүргін қазақ даласына орны толмас қайғы-қасіретін алып келді. ХХ ғасырдың 30-40 жылдары елімізде 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді», деп атап өтті партия төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов. «Жұт жеті ағайынды, қуғын-сүргін саясаты ашаршылықтан сіңірі шыққан қазақ халқы үшін ауыр соққы болды. Бұл қазақ тарихының қаралы кезеңін біз әрдайым есте ұстауымыз қажет», деді ол.

Қазақтың біртуар перзенттері – Әлихан Бөкейханов,  Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен  Сейфуллин сынды көптеген арыстарымыз қатал тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.

Партия мүшелерінің айтуынша, қазақ халқының басынан өткен бұл қасіретті күндер әлі де зерттеліп, зерделенуі қажет. Себебі трагедиялық оқиғаларды аңыз ретінде емес, халық санасына сабақ алардай етіп сіңіру аса маңызды. Бұл бүгінгі тәуелсіздік пен тыныш өмірді бағалай білуге мүмкіндік береді дейді партиялықтар.