KZ | RU | ENG

"Ауыл" Партиясының қатарына жаңадан қабылданған еліміздің құрметті азаматтарына партиялық билетті салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті

22.12.2015

2015 жылы 22 желтоқсан күні Ауыл ХДПП-ның орталық аппаратында партия қатарына жаңадан қабылданған еліміздің құрметті азаматтарына, әнші, ақын-жазушы, спортшылар мен шаруа қожалықтарының иелеріне  партиялық билетті  салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Шара барысында партиялықтар жаңаланған «Ауылдың» құрылып, жарақталу процесінің аяқталғанын айтты.

Партия мүшелері мен жақтастары ел экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісуге дайын. Сонымен қатар, «Ауыл» партиясы республикада болып жатқан барлық оң өзгерістердің ұйытқысы болуға тырысатындығын атап өтті.   

«Ауыл» партиясы қоғамның барлық тобын, барлық аумақтық бөлімшелер, кәсіпорындар мен шаруашылықтарды қамтитын біртұтас, жинақталған, жұмысқа қабілетті партиялық құрылымды жасақтауды мақсат тұтып келеді.

«Партия атын нақты істер шығаруы тиіс. Бұл – біздің басты ұстанымымыз. Кішігірім болса, да нақты әрі тиімді істер идеологиясы – партияның басты басымдығы», деп атап өтті партия төрағасы, Сенат депутаты Ә. Бектаев.

Қысқа мерзім ішінде «Ауыл» партиясы өз жақтастарының институтын құрды. Партия бастамаларын талқылау кезінде олар салиқалы ой айтып, ұсыныстарын алға тартады. Бұл партия қатарын толықтырудағы біздің әлеует. Дәл осы жақтастар ортасында бағалы да құрылымды ұсыныс пікірлер жинақталады, олар партия идеяларын ел ішінде таратушы күш, және ең бастысы олар партия қатарын толықтыратын резерв» деп атап өтті төраға.

Қоғамда «Ауыл» партиясының алдағы жұмысына деген оң көзқарас, сенім қалыптасқан, ендігі міндет осы үмітті ақтау. Партияның ел дамуына сүбелі үлес қосатындай қуаты, қоры, және ең маңыздысы ниеті бар екенін көрсету, дәлелдеу. Ауыл партиясы Орталық аппаратының ұстанымы осындай.