KZ | RU | ENG

«Ауыл» Партиясы жер мәселесі жөнінде пікір білдірді.

«Ауыл» Партиясы жер мәселесі жөнінде пікір білдірді.
28.04.2016

«Ауыл» партиясы басшысының пікірінше, халық ішінде жер мәселесіне қатысты түсініспеушіліктер орын алды. Бүгінде халық толқулары жауапты органдардың Жер кодексін дер кезінде түсіндірмеуінен болып отыр.

«Жалпы бүгінгі мәселелерді үш бөлікке бөліп қарастыруға болады.

Бірінші: ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылады ма? Жер кодексінде жер телімі шетелдіктерге сатылмайды деп көрсетілген.

Екінші: жер телімдерін соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру мерзімін ұзарту. Бұған дейінгі жалдау мерзімі белгілі - 10 жыл болатын. Қазір мұны 25 жылға созды. Бұл қадам жер телімдерін игеруге тартымды ету үшін жасалып отыр. Бұл тек шетелдік азаматтарға ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қатысты мәселе. Осы күнге дейін жер жалға беріліп келді, және бұған қатысты ешбір дау туған жоқ. Бұдан былайда дау тудырмауға болады. Құжатта анық 25 жылға дейін деп жазылған. Яғни жергілікті әкімдіктер жер телімін 5, 10, 15... жылға деп жалға береді. Басқаша айтқанда, бұл жергілікті басқару органдарының құзырындағы мәселе», деп атап өтті Ә.Бектаев.

Ең бастысы, Сенат депутатының пікірінше, жер телімі келісім-шарт негізінде жалға беріледі. Бұл келісім-шартта жер сапасы, жер құнарлылығын сақтау, жер жырту технологиясы мәселесі көрініс табады. Осы маңызды мәселелерді бекіте отырып, жергілікті атқарушы органдар жердің сапасын, құнарлылығын бақылайды.

Үшінші мәселе: жер телімдері қалталылардың қанжығасында кетеді деген үрей. Бұл ретте айтқым келетіні заңда ауылшаруашылығы жер телімдерін жалға берерде ең бірінші ол жерді бүгінгі күнге дейін жалдап келген шаруаға басымдық беріледі делінген. Сатып алу бағытында да осы тәртіп. Сонымен қатар төлем көлемін төмендету тетіктері де бар.

Ә. Бектаевтың айтуынша, халықтың наразылығы заң нормаларын толық түсінбегендіктен орын алып отыр.  

Дереккөз ИА Total.kz