KZ | RU | ENG

Өмірзақ Шөкеев ҚР ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды

15.12.2017

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР АШМ ұжымына ауыл шаруашылығы жаңа министрі — Өмірзақ Шөкеевті таныстырды.

         «Мемлекет басшысының Жарлығымен Өмірзақ Естайұлы Шөкеев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды», — деп мәлімдеді Премьер-Министр.

         Бақытжан Сағынтаев Асқар Мырзахметовке бірлесіп атқарған нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдіріп, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

         «Министрліктің алдында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру секілді өте маңызды міндеттер тұр», — деді Премьер-Министр Өмірзақ Шөкеевті таныстыра отырып. — Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін айтып өтті. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, түсімді арттыру, еңбек өнімділігін ұлғайту және саланың экспорттық мүмкіндіктерін дамытуды қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыс қарқынын күшейтіп, жеделдетуі керек. Негізгі басымдық — жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнім өндіру».

         Б. Сағынтаев жаңа министрге және министрлік ұжымына табыс тілеп, алға қойылған міндеттерді іске асыруға белсене араласып, барынша күш жұмылдыру қажеттігін айтты.

         Өмірзақ Естайұлы Шөкеев 1953 жылы Түркістанда туған. Қазақстан Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің кеңесшісі қызметін, Мемлекет басшысының экономикалық кеңесшісі, экономика министрі, Қостанай облысы әкімі қызметтерін атқарған болатын. Сондай-ақ, ол премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ал 2011 жылдан бастап "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының" басқарма төрағасы мен директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.