KZ | RU | ENG

5 мың тоннадан астам өнім өндірілді

22.12.2017

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 191-ге жетті. Оларға мемлекет тарапынан 4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Биыл кооперативтер 5 мың тоннадан артық өнім өндірді.

Шағын шаруашылықтарды ірілендіріп, өнімдерін арттыру мақсатында, Елбасы тапсырмасына сәйкес құрылған кооперативтерге 4 мыңға жуық шаруа қожалығы қосылды.

Бүгінгі таңда өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін толығымен пайдалану мақсатында, ет кластерін құру, өндіріске инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Биыл суармалы жерлер көлемі — 18 пайызға, егістік алқаптар көлемі 15 пайызға артты. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, осы салаға тағы 365 мың гектар жер тартылды.

Биыл суармалы жерлер көлемі 21,5 мың гектарға артты. Мысалы, бұрын негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Ырғыз ауданында 293 гектар суармалы алқап игерілді. Оның 155 гектарынан — картоп, қалғанынан көкөніс жиналды. 2020 жылға дейін суармалы жерлер көлемін 40 мың гектарға арттыру көзделген. Сондықтан, Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісім жасасып, суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен үш жылда жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Ресейдің көршілес Орынбор облысынан 6 тоннаға жуық жоғары сапалы тұқым сатып алды. Жердің құнарлылығын арттыру, тұқым сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

 

Ай Нысан,

Ақтөбе облысы.